ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРГЕ ОРЫН БАР МА?
Елде өндіріс бар, өнім бар. Тіпті сапасы импорттан кем түспейтін тауарлар да аз емес. Дегенмен, отандық кәсіпкер үшін қиыны – өндіру емес, сөреге іліну. Заманауи цех ашып, тауар шығарғанымен, ірі сауда желілерінің есігіне кіре алмайтындар бар. Себебі сөреден орын алудың өзі кәсіпке айналған. Жалдау ақысы қымбат, талабы тым қатал. Бұл түйткілді Премьер Министр де ашық айтты. Жауапты өкілдерге бірқатар тапсырма беріп, мәселені бір жолға қоюды ұсынды. Салада қандай өзгерістер орын алмақ? Аружан Самидин тарқатады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Мына сөреге қарасаңыз, тауардың түр-түрі бар. Бірақ осы жерден отандық өнімді бірден табу кейде қиынға соғады. Себебі кәсіпкердің тауарын өндіруі бір бөлек те, оны үлкен сауда желісінің сөресіне шығару деген тағы бір мәселе бар. Дегенмен, бұл түйткілді бір жолға қоюдың жолдары жоқ емес. Қазір ортада келісімшарт бар маркеттерде отандық кәсіпкерлердің өніміне сөреден арнайы орын беріледі. Елде мониторинг жүргізіледі, талапты тыңдамаған дүкен иелері жауапқа тартылады.
Қазақстанда ішкі сауда нарығы қарқынды дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартысында тауар айналымы 15,3 пайызға өсіп, 36,2 триллион теңгені межеледі. Азық-түлік саудасы 27,8 пайызға, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,7 пайызға артқан. Нарықта сұраныс та, мүмкіндік те бар. Бұл тұста «Қаражаттың қаншасы отандық кәсіпкердің қалтасына түседі, ал сөреде кімнің тауары тұр?» деген сауал туындайтыны заңдылық.
МҰХИТ АСАНОВ, КӘСІПКЕР
Біздің дүкен сөрелерінің өзіндік түрлері бар.Келген адамның көзіне бірден көріну үшін «алтын» сөрелерді жалға алу керексіз.Сіз кіру үшін өтемақы төлейсіз, оны ұсыну үшін бонус төлейсіз, ретробонус та бар, сөренің ең алдында тұруы үшін жалға аласыз. Бұл кедергілер сіздің тауарыңыздың 40 пайызына дейін шығып кетеді кейде.
Үкімет басшысының сынынан кейін жағдайды заңнамалық тұрғыда реттеу тетіктері іске қосылды. Бұдан былай кез келген сауда орнындағы азық-түлік сөресінің кемінде 50 пайызы, ал азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 30 пайызы отандық өнімге тиесілі болуы шарт. Бұл талап әр санат бойынша жеке-дара есептеледі. Заңның мүлтіксіз орындалуы өңірлерде де қатаң бақылауға алынды.
ОСПАН ӘБИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫ ОРЫНБАСАРЫ
Отандық өнімдер көзге көрінетін жерде, «Қазақстанда жасалған» белгісімен тұруы керек.Бұл міндетті.Бізге е.өтініш платформасы арқылы дәлелдерді келтіре отырып, арызын жолдаса болады.
Қолдау тек дәстүрлі дүкендермен шектелмейді. Kaspi, Halyk Market, TEEZ сияқты цифрлық алаңдарда «Қазақстанда жасалған» атты арнайы белгі енгізіледі. Сонымен қатар, жаңадан ашылған өндірістер үшін «стартап сөрелері» қарастырылмақ. Оған қоса, кепілді тапсырыстар мен офтейк-келісімшарттар жүйесі жолға қойылды. Өткен жылдың өзінде кәсіпорындармен 2,3 триллион теңгенің ұзақмерзімді шарты бекітілді.
БАУЫРЖАН БЕРДАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шетелдік компаниялардың экспорттық қолдауы көбірек, олардың тасымалдау мәселесін де шешіп береді.Жарнама мәселесі бастаушы кәсіпкерлерге қиын.Бұл тұрғыды біз көрмелер ұйымдастырып тұрамыз.
Дегенмен, «отандық өнімнің сапасы төмен» деуге келмес. Елде 11 тауар тобы қатаң тексеріледі, 9 756 стандарт бар. Ет экспорты екі жылда 50 пайызға өсті. Алайда, кей кәсіпкер әлі де ірі сауда желісіне шыға алмай әлек. Себебі, дүкен иелері отандық өнім өндірушулерден кіру жарнасын талап етеді. Оның үстіне алпауыт маркеттердің миллиондаған данамен тұрақты тауар жеткізу талабына шағын цехтардың өндірістік қуаты жете бермейді. Жарнамаға қаржысы шектеулі жергілікті брендтер үшін шетелдік өніммен бәсекелесу де оңайға соқпай отыр.
МҰХИТ АСАНОВ, КӘСІПКЕР
Отандық өнімге деген сенімнің әлі де ақсап тұрған жағы бар.Сана деңгейінде басқа тауарлар тұрған кезде ол жүйеде көп еңбек еткіңіз келмей тұрады.Біздің өнімдер талапқа сай.Егер ол талапқа сай болмаса оны сатуға лицензия ала алмайды. Сондай бір сапалы тауарлрымызды сату жағы өте қиын.
Бір ай бұрын Үкімет басшысы сауда желілерінің сөре төрін шетелдік тауарларға босатып қоюын сынға алды. Ол қазақстандық өнімдердің пайызын заңды түрде көбейтіп, кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастыруды жедел әзірлеуді тапсырды. Ал атқарушы мекемелер қазір қызу жұмысқа кірісті.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес.Сондай-ақ бір ай мерзімде халық арасында ең көп сұранысқа ие басым тауар санаттарын айқындау қажет. Әрбір санат бойынша ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін арттыруға арналған нысаналы көрсеткіштерді белгілеу керек
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қазақстан – ұн мен зығыр экспорты бойынша әлемде – екінші, күнбағыс майынан – алтыншы орында тұр. Бұл – отандық өндірістің әлеуеті мен сапасын айғақтайтын дерек. Демек, еліміз бәсекеге қабілетті өнім шығара да, оны сыртқы нарыққа сата да алады. Тек бұл тұста отандық өндірушілерді қолдау маңызды.