ӨРТТЕН ЕКІ АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ
Шымкентте өткен жылыту маусымында 70 өрт оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тапты. Өрттің басым бөлігі жеке тұрғын үйлерде болған. Мамандардың айтуынша, төтенше жағдайлардың негізгі себептерінің бірі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.
Қаладағы өрт оқиғаларының көбі жеке сектордағы үйлерде тіркелген. Әсіресе, пешпен жылытылатын тұрғын үйлерде мұржаның бітелуі мен жылыту жүйелерінің ақауы жиі кездеседі. Осыған байланысты мамандар жылыту маусымында профилактикалық жұмыстарды күшейткен. Нәтижесінде өткен маусымдағы 109 өртпен салыстырғанда биыл көрсеткіш 35 пайызға төмендеді. Жылыту кезеңінде төтенше жағдайлар қызметкерлері 6 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 18 мыңнан астам адамға өрт пен улы газдан сақтану жолдарын түсіндірген. Оның ішінде 1208 адам әлеуметтік осал топ өкілдері.
ОЛЖАС ҚЫРЫҚБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД, МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Аталған кезеңде қала аумағындағы тұрғын үй секторында 70 өрт тіркелді. Бұл 2024–2025 жылғы жылыту маусымындағы 109 өртпен салыстырғанда атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 35,8 пайызға төмендеді. Өткен маусыммен салыстырғанда өрттен қаза болғандар саны екі есеге, жарақат алғандар саны 5,5 есеге төмендеді. Жүргізілген талдау нәтижесінде қайғылы жағдайлардың басым бөлігі күннің күрт сууы кезінде, жылыту пештері мен жабдықтарының ақаулығы, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталмауы салдарынан орын алғатын төтенше жағдайлар.
Қазір қалада 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық басталды. Осыған орай төтенше жағдайлар департаменті арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Мамандар тұрғындарға пештерді, газ қазандықтары мен су жылытқыштарын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, мұржаларды уақытылы тазалау және ақауы бар жылыту құрылғыларын қолданбау қажеттігін ескертіп жатыр.