ГАЗ ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРДЫ
Шымкентте газ желілері жаңарды. Ескірген құбырлар ауыстырылып, газ қысымын реттейтін жаңа қондырғылар орнатылды. Бүгін бірқатар сала мамандары нысанды аралап, бес жылда атқарылған жұмыстарды бағамдады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Қала аумағы кеңейіп, тұтынушылар саны көбейген сайын қолданыстағы газ желілеріне түсетін салмақ та артады. Ал жылдар бойы пайдаланылған құбырларды жаңарту - қауіпсіздік тұрғысынан маңызды. Шаһарда өткен жылы газ инфрақұрылымын жаңғыртуға қазынадан 408 млн-нан астам қаражат бөлініп, бірқатар аймақта ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Жемісті кентінде жерасты құбырларын ауыстыруға 273 млн 168 мың теңге жұмсалды. Ал №13 Әуезов атындағы мектеп аумағында орта қысымды желілерді жаңартуға 25 млн 809 мың теңге берілді.
КЕНЖЕБОЛАТ КОШЕКБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
ҚазақГазАймақ Шымкент өндірістік филиалында 5 жылға 4 млрд 253 миллион теңге қарастырылған болатын.2025-2026 жылдар аралығында 408 миллион қаралды.Қазіргі таңда атқарылған жұмыстармен танысып жатырмыз.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Жаңарту кезінде ескі болат желілер полиэтилен құбырларына ауыстырылды. Мамандар газ тарату желілерінің схемасы мен диаметрін де жіті қарады. Енді жүйенің қызмет ету мерзімі 50 жылға дейін жетеді. Шаһарда шығын азайып, газ қысымы тұрақтанады.
ЕРМЕК ҚАЛДЫҒҰЛОВ, «КАЗТРАНСГАЗАЙМАҚ» АҚ ШЫМКЕНТ ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Шымкентте 8 шақырым газ құбыры бар.Ол жер асты, жер үсті деп бөлінеді.Біз қазір көрсеткен 5 жылдық жоспар аяқталды.Көне газ құбырларын полиэтиленге ауыстырып, желілер ұзақ уақыт пайдаланатындай етіп жүйені жүргіземіз.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Жалпы қала аумағында 10,131 шақырым жаңа газ құбыры тартылып, қысымды реттейтін 7 қондырғы орнатылды. Мамандар жұмыстың әлі де жалғасатынын айтады.