Негізгі Жаңалықтар ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Бір ғұмырын бала тәрбиесі мен білімге арнаған ұстазға құрмет көрсетілді. Қазығұрттағы Қарақозы Әбдәлиев атындағы мектеп ұжымы 40 жылға жуық еңбек еткен Бәкіртай Қалшабековті зейнеткерлікке шығарып салды. Ұлағатты ұстаз талай шәкіртке білім беріп, олардың өмірден өз орнын табуына жол көрсетті. Еңбегімен елге сыйлы болған ұстазды әріптестері мен шәкірттері қимастықпен шығарып салды.


Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Бәкіртай Қалшабеков те саналы ғұмырын осы жауапкершілікке арнады. Еңбек жолын 1984 жылы «Еңбекші» орталау мектебі жанындағы интернатта тәрбиеші болып бастаған ол, кейін тарих және география пәндерінен сабақ берді. 1985-1992 жылдары осы мектепте мұғалім болып еңбек етті. Кейін Сарыағаш қаласындағы Қапланбек агроэкономикалық колледжінде қоғамдық пәндер оқытушысы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ю.А. Гагарин атындағы орта мектеп директорының орынбасары, Қапланбек агроэкономикалық колледжі директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. Ал 2001 жылдан бастап Қарақозы Әбдәлиев атындағы мектепте табанды еңбек етті.


 БӘКІРТАЙ ҚАЛШАБЕКОВ, ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗ
 Өкінішім жоқ. Балалардың тәрбиесіне азғантай болса да үлесімді қоссам, ел болашағына қосқан үлесім деп білемін. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға деген… Мыңдаған шәкірттеріміз үмітімізді ақтап, елге еңбек етіп жүр.


 Қырық жылға жуық уақыт ішінде ұстаздың өмір жолы мектеп тарихымен де біте қайнасты. Ол тек сабақ беріп қана қоймай, туған өлкенің тарихын зерттеп, кейінгі ұрпаққа рухани мұра қалдыруға да үлес қосты. Мектептің думан залында өткен кеште әріптестері мен шәкірттері ардақты ұстазға ақжолтай тілектерін арнады. Гүл ұсынып, ізгі лебіздерін білдірді. Ал мектеп директоры Бәкіртай Қалшабековтің ұзақ жылғы еңбегін ерекше атап өтіп, алғысын жеткізді.


 ҚАЛИМА НАРБАЕВА, ҚАРАҚОЗЫ ӘБДӘЛИЕВ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
 Өзінің 40 жылдық ұстаздық еңбегінде мектепке, қоғамға бірнеше игі іс жасады. Соның бірі – Бәкіртай ағайымыздың осы өңір туралы бірнеше кітап жазғаны. Онымен біз мақтана аламыз. Сонымен қатар мектебімізге Қарақозы Әбдәлиевтің ескерткішін орнатты.


 Ұстазға деген құрметтің ең шынайысы – шәкірт жүрегінде қалуы. Оқушылар да Бәкіртай ағайды білімдарлығы мен байыптылығы, әр сөзін жүрекпен жеткізетін қасиеті үшін ерекше бағалайды.


ҰЛЖАЛҒАС ҚАЛДАШ, ОҚУШЫ
Оқушылардың жүрегінен ғана емес, барлық адамның көңілінен шықты. Бәкір ағай біздің жүрегімізде болады.


Зейнет – еңбектің соңы емес, мағыналы ғұмырдың жаңа белесі. Өйткені ұстаз қалдырған із мектеп қабырғасымен шектелмейді. Оның тәлімі мен тәрбиесін алған шәкірттері арқылы жалғаса береді. Бір ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Бәкіртай Қалшабековтің де еңбегі ел жадында, шәкірт жүрегінде сақталмақ.


Бөлісу