ОҚУШЫЛАРҒА КИБЕРҚАУІПТЕН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Мегаполисте «Кибермәдениет айы» аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы мамандар №64 мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесті. Жоғары сынып оқушыларына күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ажырату, бөгде адамға құпиясөзді бермеу және интернеттегі жеке мәліметтерді қорғау жолдары түсіндірілді.
Интернетті қауіпсіз пайдалану – қарапайым сақтық шараларынан басталады. Киберқылмыскерлердің арбауына балалар да түсіп қалуы мүмкін. Сондықтан мектептерде кибергигиена талаптарын түсіндіруге ерекше көңіл бөлінуде. Мамандар оқушыларға интернетте жеке ақпаратты жарияламау, бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сенбеу және күмәнді сілтемелерге өтпеу керектігін ескертті.
БАҚЫТЖАН БЕКБАЕВ, КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Бұл жерде 9, 10, 11-сынып оқушыларына қылмыстың алдын алу жұмыстарын түсіндірдік. Оқушылар интернет-алаяқтыққа тап болмауы үшін іс-шаралар жүргізіп жатырмыз. Дроперлік, инвестициялық алаяқтық, WhatsApp-ты бұзу жағдайлары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Кездесу барысында оқушыларға интернетте жиі кездесетін киберқауіп түрлері мен олардан қорғану жолдары айтылды. Сондай-ақ алаяқтардың айла-тәсілін дер кезінде танып, күмәнді жағдайда дұрыс әрекет ету бойынша практикалық кеңестер берілді. Балалар арасындағы кибербуллинг мәселесі де назардан тыс қалмады.
САБЫЛЖАН НЫШАНБАЙ, ОҚУШЫ
Мектепте көптеген іс-шаралар ұйымдастырылады. Соның бірі – тәрбие сағаты. Онда кибербуллингке қатысты мәліметтер кеңінен айтылады. Сондай жағдайға тап болған кезде қандай әрекет ету керектігі түсіндіріледі.
Киберқауіптің алдын алу жұмыстарының өзектілігі статистикадан да байқалады. Өткен жылы қалада алаяқтық бойынша 562 қылмыстық іс тіркеліп, оның 157-сі ашылған. Ал жыл басынан бері интернет арқылы жасалған 363 қылмыстық іс тіркелген.