КАДР ДАЯРЛАУДЫҢ ЖАҢА МОДЕЛІ
Шымкентте өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға бағытталған екі күндік семинар басталды. «Мамандығым – Болашағым» жобасы аясында өткен жиында колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының сұранысына сай жаңарту мәселесі талқылануда. Енді мамандар жұмыс берушілердің нақты сұранысы негізінде даярланады. Бұл түлектердің еңбек нарығына тез бейімделіп, мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.
Семинар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өтті. «Кадрларға қажеттіліктің өңірлік картасынан білім беру шешімдеріне дейін» тақырыбындағы жиында өңірдегі еңбек нарығы жан-жақты сараланып, маман даярлау жүйесін жетілдіру жолдары қарастырылды. Сарапшылар экономиканың басым салаларына қажетті кадрлар мен болашақ мамандықтарға сұранысты талқылады.
ОЛЖАС СӘКЕНОВ, ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУДІ ДАМЫТУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
алдағы 5-10 жылда осы өңірге Шымкент қаласына ары қарай Түркістан облысына қандай кадрлар қажет оның ішінде негізгі салалар білім беру саласы, денсаулық сақта саласы, өндіріс, сауда-саттық, туризм салаларына қандай нақты мамандар қажет. Ол мамандықтар қалай өзгереді? Сол бойынша қандай оқу бағдарламаларды құрастыру керек екендігін соған тоқтап өтеміз.
«Мамандығым – Болашағым» жобасы алдағы жылдары сұранысқа ие болатын мамандықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелері негізінде колледждер мен университеттердің оқу бағдарламалары жаңартылып, білім беру мазмұны өндіріс талаптарына бейімделмек. Бұл студенттердің заманауи дағдыларды меңгеріп, оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырады.
МҰХТАР ТӨЛЕГЕН, М.ӘУЕЗОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ЗЕРТТЕУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ – РЕКТОРЫ
Қазіргі таңда жасанды интеллект кіріп жатыр. Өндіріс орындарында он адамның орнына бір-ақ адам жұмыс жасайды. Кейбір мамандықтар жойылып кетеді деп отырмыз. Кей мамандықтар жаңадан пайда болып жатыр. Осы мәселенің барлығын осы семинарда қарастыратын боламыз. Күтілетін нәтиже біз ойлаймыз бұл үздіксіз оқу процес. Ғылыми жұмыстар инновация. Сондықтан күтілетін нәтиже мамандарды дайындауды барған сайын жақсарта түсеміз деп ойлаймыз.
Жиында білім беру бағдарламаларын форсайт тәсілі арқылы жаңарту мәселесі де көтерілді. Бұл әдіс еңбек нарығындағы өзгерістерді алдын ала болжауға және жаңа мамандықтарды оқу үдерісіне дер кезінде енгізуге мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама сапалы кадр тапшылығын азайтып, өңір экономикасының қажеттілігін өтеуге ықпал етеді. Сонымен қатар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау мен білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағытындағы жұмыстарын жалғастырып келеді.