КӨШПЕЛІ КЕЗДЕСУ ТҰРАНДА
Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековтің халықпен көшпелі кездесуі жалғасуда. Еңбекші ауданынан басталған ашық форматтағы жүздесу бұл жолы Тұран ауданында өтті. Тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Қала әкімі көтерілген мәселелерді жауапты басқарма басшыларымен бірге талқылап, нақты тапсырмалар берді.
Кездесуде Жаңаталап шағынауданы, Абай даңғылы, Ақжар және Ақтас-2 елді мекендерінің тұрғындары ауданның дамуы мен тұрмыс сапасына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Негізгі сауалдар жер қатынастары, тұрғын үй сертификаты, газға қосылу және ауыз сумен қамтуға қатысты болды. Сондай-ақ қоғамдық орындарды абаттандыру, қоқыс шығару, жасыл желектерді күтіп-ұстау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Әкім әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамыту жайына да тоқталды. Жаңаталап тұрғындары мектеп пен спорт кешенін салу ұсынысын көтерсе, Ақжар елді мекенінің тұрғындары Мәдениет үйі мен балалар ойын алаңын салуды сұрады. Бұдан бөлек, қоғамдық көлік қозғалысын жиілету, қосымша бағдаршам орнату және білім беру ұйымдарының маңына жаяу жүргіншілер өткелдерін салу жөнінде өтініштер айтылды. Бірқатар мәселе бойынша шешімдер кездесудің өзінде нақтыланса, қалған ұсыныстар мен сауалдар тиісті басқармаларға жолданды.