32 ТҰРҒЫН ҮЙДІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРУ ЖОСПАРЛАНҒАН
Шымкентте биыл 1 мың 243 пәтерлі 32 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Қазір шаһарда әлеуметтік нысандармен қатар, инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде жалпы құны 138 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын 66 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Саладағы жұмыстар туралы Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев БАҚ өкілдеріне баяндады.
Биыл қалада 66 нысанның құрылысы қатар жүріп жатыр. Оның ішінде 32-сі – көпқабатты тұрғын үй, 31-і – әлеуметтік нысан, тағы 3-еуі – инженерлік инфрақұрылым нысаны. Сонымен қатар 59 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленуде.
ЕРДӘУЛЕТ ӘЖІБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Құрылыс басқармасының тапсырысымен 2025 жылдан өтпелі 32 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның жалпы көлемі – 102 мың шаршы метр. Тұран шағын ауданында – 12, Бозарық шағын ауданында 20 тұрғын үй бар.
Тұрғын үй құрылысы ғана емес, нысандардың сапасы да жіті бақылауда. Басқарма талаптарды орындамаған бір мердігер мекемеге 1 миллион 200 мың теңге айыппұл салып, өндіріп алған. Ал кепілдік мерзімі аясында тағы 4 мердігерге қатысты шара қабылданған. Ақау мен кемшіліктерді жою жөнінде сотқа талап-арыз жолданды.
ЕРДӘУЛЕТ ӘЖІБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жалпы басқарма тарапынан бүгінгі таңда 175 тұрғын үй кепілдік мерзімінде тұр. 4 мердігердің үстінен сотқа талап-арыз беріліп, сот процесі жүргізіліп жатыр.
Инженерлік инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Бозарықта 2, Тұран шағынауданында 1 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.