Негізгі Жаңалықтар КИБЕРҚАУІПСІЗДІККЕ НАЗАР КҮШЕЙДІ

КИБЕРҚАУІПСІЗДІККЕ НАЗАР КҮШЕЙДІ

Шымкентте жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 363 қылмыстық іс тіркелген. Бүгінде оның жартысына жуығы ашылып, қаскөйлер тиісті жазасын алған. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін құқық қорғау қызметкерлері мен ІТ мамандары жоғары оқу орындары мен колледждерде «Кибергигиена және ақпараттық қауіпсіздік» тақырыбында арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Студенттерге ақпараттық шабуылдан қорғанудың негізгі ережелері түсіндірілді.


 Тап қазір телефоныңызға «Банк шотыңыз бұғатталды, шұғыл түрде мына сілтемеге өтіңіз» деген хабарлама түссе, не істер едіңіз? Өкінішке қарай, күн сайын жүздеген отандасымыз осындай бір ғана қате сілтемеге өтіп, жылдар бойы жинаған қаржысынан айырылып жатады. Қазіргі таңда қауіптің алдын алу үшін «Кибермәдениет айы» жарияланып, халық арасында түсіндіру жұмыстары басталды.


ЕРНҰР ҚЫРҒЫЗБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Қазіргі таңда «сілтемелерді баспаңыздар» деп жатырмыз. WhatsApp-тан келген сілтеме болсын, Telegram-нан, Instagram-нан келген сілтеме болсын, «мынаған дауыс берейік» немесе «осындай бонус бар, жеңілдік бар, тегін путевка бар» деген сияқты хабарламалар болуы мүмкін. Басқан жағдайда аккаунттарыңызды жоғалтып алуыңыздар мүмкін.


Шымкентте жыл басынан бері 300-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, түсіндіру жұмыстарынан кейін бұл көрсеткіш едәуір төмендеген. Десе де, киберқылмыскерлер әлі де түрлі айла-шарғы қолданып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін пайдалануда.


БАҚЫТЖАН БЕКБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ, ПОЛИЦИЯ КАПИТАНЫ
8 айдың қорытындысына байланысты бізде тіркелген қылмыс саны – 363. Оның 155-і ашылған. Қазіргі таңда ашылған қылмыстарымыз 41,6 пайызды құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда, осындай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, теледидардан айтып, интернетте жариялағандықтан, халық алданудан тоқтап жатыр.


Әлемде әр 39 секунд сайын бір кибершабуыл жасалады. Өкінішке қарай, мұндай шабуылдардың 90 пайызы адамдардың қарапайым қателігінен болады. Хакерлердің негізгі қаруы – фишинг. Кибершабуылдардың 80 пайызы осы алдау хаттарынан басталса, оның 60 пайызын қазір жасанды интеллект дайындайды. Мұндай хаттарды шынайысынан ажырату қиын. Бұл бизнеске де үлкен соққы. Статистика бойынша, ірі шабуылға ұшыраған компаниялардың 60 пайызы бір жыл ішінде шығынға батып, жабылып қалады.

Бөлісу