Негізгі Жаңалықтар МАҚТААРАЛДА МАҚТА ТЕРІМІ БАСТАЛДЫ

МАҚТААРАЛДА МАҚТА ТЕРІМІ БАСТАЛДЫ

Мақтаарал ауданында мақта терімі басталды. Берекені көктен емес, еткен еңбегінен күткен шаруалар биыл аудан бойынша 35,5 мың гектардан астам жерге мақта шитін сепкен болатын. Көктемнен бері күтілген «ақ алтын» алқаптан жиналып, алғашқы өнімдер қабылдау бекеттеріне жеткізілді.

Мақта терімін ерте бастаған шаруашылықтардың бірі – «Үмбет ата» қожалығы. Сиязбек Үмбетов жетекшілік ететін алқапта әр гектардан 40 центнерге дейін өнім алынуда. Қазір аудан шаруаларының қарамағында 237 мақта теру комбайны бар. Жерді үнемдеу технологиясына көшкен диқандар биыл мол өнім алуға ниетті.

Мақтаның бітік шығуы үшін жаз бойы қажетті агротехникалық жұмыстар атқарылды. Оның ішінде мақта алқаптарын вегетациялық суару жұмыстары толық аяқталды. Мақта көсектерінің тез ашылуы үшін дефолиация жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бүгінде бұл жұмыс 29 мың гектардан астам алқапта орындалған.

Терім басталғалы бері 174,5 гектар алқаптан 478 тонна өнім жиналды. Қазіргі таңда мақтаның орташа өнімділігі гектарына 27,4 центнерді құрап отыр. Шаруалар пісіп-жетілген өнімді уақытылы әрі ысырапсыз жинап алуды көздеуде.


Бөлісу