ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫН БЕЛГІЛЕУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ
Қазақстанда 1 200-ден астам дәрінің бағасын белгілеу тәртібі өзгерді. Енді құны 4 325 теңгеден төмен препараттардың бағасын дәріхана өзі белгілей алады. Денсаулық сақтау министрінің бұл бұйрығына 4 қыркүйекте қол қойылды. Нәтижесінде мемлекеттік баға реттеуіне жататын дәрілердің саны 3 039-дан 1 827-ге дейін қысқарды.
Министрлік бұл шешім арқылы мемлекеттік бақылауды халық үшін маңызды препараттарға бағыттауды көздеп отыр. Арзан дәрілердің құны сұраныс пен ұсынысқа қарай қалыптасады. Дегенмен фармацевтикалық нарықтағы жағдай ұдайы бақылауда болады. Ведомство бағаны тауарларды таңбалау жүйесі арқылы мониторингтеуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, дәрілерді таңбалау ережесі 2024 жылы енгізілген. Содан бері жүйе арқылы шамамен 1,1 миллиард қаптама өткен. Ал мемлекеттік реттеудегі дәрінің бағасы негізсіз көтерілген жағдайда, тұрғындар DariKZ мобильді қосымшасы арқылы шағым бере алады. Ол үшін өтінішке тауарлық чек пен дәрі қаптамасының фотосын тіркеу қажет.