15 ДРОПЕР СОТТАЛЫП, 220 МЛН ТЕҢГЕ ИЕЛЕРІНЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Шымкентте киберқылмысқа қарсы күрес нәтиже беріп жатыр. Жыл басынан бері интернет-алаяқтардың құрығына түскен 220 миллион теңге заңды иелеріне қайтарылды. Мегаполисте 38 дропперлік жағдай тіркеліп, оның 15-і бойынша іс сотқа жолданды. Бұл туралы Цифрлық гигиена және деректерді қорғау технологиялары форумында мәлім болды. Жиында сарапшылар желідегі алаяқтықтың алдын алу, жеке деректерді қорғау және кибершабуылдарға қарсы заманауи технологияларды қолдану мәселелерін талқылады.
Интернет-алаяқтықпен күрес бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі. Жоғалған қаражаттың қайтарылуы тұрғындар үшін үлкен қолдау әрі құқық қорғау органдары жұмысының оң нәтижесі. Форумға қатысқан жастар да соңғы уақытта белгісіз нөмірлерден түсетін күмәнді қоңыраулардың жиілегенін айтады. Қорғанудың жолын үйренгендер артық әрекетке бармайтынын жеткізді.
МЕРЕЙ ҚҰДАЙБЕРГЕН, СТУДЕНТ
Өзімнің басымнан мұндай жағдай өткен жоқ. Бірақ жақындарымның басынан өтті. Оларға WhatsApp арқылы хабарласып, «Шотыңыздан қазіргі таңда ақша алынып жатыр, құпиясөзіңізді айтыңыз, біз оның алдын аламыз» деген. Ондай кезде адамда үрей болады. Сөйтіп, ақшасын шешіп алып, әлгі адамға аударған. Миллионға жуық қаражат болған. Қазір іс заң аясында қаралып жатыр. Осындай жағдайлардың көп екенін байқадым. 1414-тен келген хабарламаларға немесе кез келген қоңырауға сене бермеу керек.
Сарапшылар жиында жасанды интеллектке негізделген жаңа қорғаныс жүйелерін таныстырды. Сонымен қатар, қарапайым пайдаланушыларға арналған фишингтік шабуылдардан қорғану және күрделі құпиясөздерді басқару әдістері де кеңінен талқыланды. Қазіргі таңда антивирус орнатып қою ғана жеткіліксіз. Кибершабуылдардың 80 пайызы адам факторына, яғни бөгде сілтемелерге өту секілді қателіктерге байланысты болады.
ШЫҢҒЫС ЖАЙЛАУБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ М.А.
Қарқынды тарап жатқан қауіптердің бірі – дроперлік. Дропер дегеніміз – үшінші тұлғаға пайда көру мақсатында банк картасын беру немесе сату. Осы бағытта студенттер арасында көптеген түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олардың көбі: «Картамызды берсек не болады? Заңдық жауапкершілік бар ма?» деген сұрақ қояды. Сонымен қатар алаяқтықтың жаңа түрлері де талқылануда. Студенттер көбінесе сауда-саттық платформаларында алдын ала ақша беріп қояды немесе жоқ тауар үшін төлем жасайды. Сондай жағдайда не істеу керектігін сұрайды. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 38 жағдай тіркелсе, оның 15-і сотқа жолданды.
Астаналық «iBatyr» компаниясының өкілі форумда ақпараттық қауіпсіздікке арналған жобасын таныстырды. Ол ықтимал қатерлерді жедел анықтап, зерттейтін және веб-қосымшаларға жасалатын кибершабуылдарды нақты уақыт режимінде бұғаттауға арналған жүйе.
ВИТАЛИЙ ЛИ, «IBATYR» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ӘРІ КИБЕРКЛАСТЕР ТӨРАҒАСЫ
Дербес деректерді қорғау – қазіргі таңда ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі мәселе. Отандық өнімдер бұл міндетті шетелдік баламаларсыз-ақ тиімді атқара алатынын дәлелдеп отыр. Жүйе Қазақстандағы халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік сектор, медициналық және білім беру ұйымдарының жұмыс ерекшеліктеріне сәйкестендірілген. Жүйені іске қосу үшін GNU/Linux операциялық жүйесі басқаратын бір ғана сервер жеткілікті. Бұл инфрақұрылымдық шығындарды азайтады. Бүгінде өнімдер еліміздегі 50 мыңнан астам жұмыс станциясы мен ірі қоғамдық веб-порталдарды киберқауіптерден сәтті қорғап келеді.
Іс-шара соңында қатысушылар хакерлік шабуылдарды симуляциялау бойынша тәжірибелік воркшопқа қатысты. Айта кетейік, форум жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл елімізде киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізбек.