ЖАС СПОРТШЫЛАР ШАРШЫ АЛАҢДА БАҚ СЫНАДЫ
Бүгін Шымкентте кәсіпқой бокстан республикалық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Спортшылар шаршы алаңға шығып, шеберлігін паш етті. Үш күнге созылатын жарысқа 40 қатысушы жиналды. Жас боксшылардың бәсекесін тілшіміз тамашалап қайтқан еді. Толығырақ әріптесім тарқатады.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Бүгін қалада жасөспірімдер арасында кәсіпқой бокстан республикалық турнир басталды. Еліміздің әр өңірінен жиналған жас спортшылар үшін бұл – шеберлігін шыңдайтын маңызды дода. Жарыста оқ бойы озып шыққан спортшылар Қырғызстанның Ош қаласында өтетін халықаралық сайысқа жолдама алады.
Бұл додада спортшы үшін әр жекпе-жектің маңызы зор. Үш күн бойы былғары қолғап шеберлері өзара мықтыны анықтап, спорттағы тәжірибесін таразыға салады.
РАҚЫМЖАН ЕРДЕНБЕКОВ, ҚАЗАҚСТАН КӘСІПҚОЙ БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
2024 жылы Алматыда Турксой халықаралық бірлестігінің мүшелері мен алты федерация басшыларының басын қосқан саммит өтті.Онда түрік елдерінің арасында жарыс өткізу бойынша арнайы меморандумға қол қойылды.Республикалық турнир аяқталған соң қазақстандық боксшылар Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Түрікменстан сынды елдердің спортшыларымен жұдырықтасады.
Жанарыс Оспан бокспен бес жылдан бері айналысып келеді. Талай жарыста топ жарған спортшы бүгін Түркістан облысының намысын қорғайды.
ЖАНАРЫС ОСПАН, ҚАТЫСУШЫ
Мен осы жылы Қазақстан Кубогінің жеңімпазы атандым.Түркістан облысының намысын қорғау үшін келіп отырмын.Қарсыласарымды көрдім, бақыладым.Бұйыртса, жеңемін деген үміттемін.
Рингте елдің 14 өңірінен келген жасөспірімдер бас қосты. Олар төрт раунд бойы шаршы алаңда шеберлігін көрсетті. Алғашқы минуттарда қарсыласының қимылын аңдап, тактикасын саралаған спортшылар уақыт өте қарқынын үдете түсті. Мұнда соққының дәлдігі мен қорғаныстың мығымдығы маңызды.
ЭМИР МУХИТ, ҚАТЫСУШЫ
Мен мұндай ауқымды сайысқа алғаш рет қатысып тұрмын.Бокспен жеті жылдан бері айналысып келемін.Жарысқа жақсы дайындықпен келдім.Жеңіске жетемін деген үміттемін.
Турнирде федерацияның жаңа басшылары таныстырылды. Енді Шымкент қалалық кәсіби бокс федерациясына Марлен Қалдаров төрағалық етеді. Баглан Копбаев басшы орынбасары қызметіне тағайындалды. Ал Түркістан облысы бойынша кәсіби бокс федерациясын Мухит Бурханов басқарады. Олар саланы дамыту жайлы жоспарын ортаға салды.
МАРЛЕН ҚАЛДАРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ КӘСІБИ БОКС ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл турнирдің терең тарихы бар.Қазақстанда осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр.Осы күнге дейін Семей, Алматы мен Астана қалаларында өтті.Жарыс жеңімпаздары алты мемлекет қатысатын халықаралық жарыста бақ сынайды.
Жас спортшылардың бәсекесі әлі де жалғасады. Үздік атанған былғары қолғап шеберлеріне қаржылай сыйақы табысталады.