ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ – ӨНДІРІСТІҢ СЕРПІНІ
Еңбек күні қарсаңында Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева бастаған жұмыс тобы Сайрам ауданындағы өндіріс орындарын аралады. Делегация кәсіпорындардың жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесті.
Сапар «CAPABLE GROUP» кәсіпорнынан басталды. 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өндіріс орнында 86 адам тұрақты еңбек етеді. Мұнда қағаз, санитарлық-гигиеналық бұйымдар мен балалар жөргектері шығарылады. Кәсіпорын жылына 170 млн дана өнім өндіруге қауқарлы. Оның 30 пайызы Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейге экспортталады.
СОЗАҚБАЙ ӘБДІҚҰЛОВ, АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Алдымызда Еңбек күні келе жатыр. Еңбек күнімен құттықтау мақсатында аудандарды аралап, өндірістерді бақылап қайттық.
Бұдан кейін жұмыс тобы «Завод автотехнологий» ЖШС-не барды. 2025 жылы іске қосылған кәсіпорында ауыл шаруашылығы мен ветеринария саласына арналған өздігінен жүретін арнайы техникалар өндіріледі. Мұнда 35 адам еңбек етеді. Құны 2 млрд теңгені құрайтын жобаның өндірістік қуаты – жылына 500 дана техника. Қазір кәсіпорын аумағында 3 мың шаршы метрлік қосалқы қойма салынып, өндірісті кеңейту жұмыстары жүріп жатыр.
СҮЙІН БЕЙІМБЕТ, «CAPABLE GROUP» МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бізде «CAPABLE GROUP» ішінде балаларға арналған жөргектер өндіреміз. Жалпы өндіріс 2020 жылы құрылды. 2021 жылдан бастап өнім шығара бастадық.
Кездесулерде жұмысшы мамандығының беделін арттыру, адал еңбекті дәріптеу және аға буынның тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ еңбек ұжымындағы ауызбіршілік пен өзара сыйластықтың маңызы атап өтілді.