ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ БАҚЫЛАУДА
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тұрғындармен көшпелі кездесулері жалғасуда. Бұл жолы Әл-Фараби және Қаратау аудандарының тұрғындарымен ашық форматта жүздесті. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, қала басшысы жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
Әл-Фараби ауданындағы кездесулер 17-шағынаудан, City Park саябағы, Молдағұлова көшесіндегі №6 көпқабатты үйдің ауласы және Ескі қала аумағында өтті. Тұрғындар әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлік нысандар, қаңғыбас жануарлар, сумен жабдықтау, су бұру, қоқыс шығару және аулаларды абаттандыру мәселелерін көтерді. Балалар мен спорт алаңдарын жаңарту, қоғамдық тәртіпті сақтау және аулаларға қосымша бейнебақылау камераларын орнату жөнінде де ұсыныстар айтылды.
Көшпелі кездесулер Қаратау ауданында жалғасты. Таскен, Нұртас, Нұрсәт және Тараз шағынаудандарының тұрғындары аулаларды абаттандыру, автотұрақ пен тротуар салу, ирригациялық арықтарды реттеу және балалар алаңдары мен аялдамаларды жаңарту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар тұрғын үй кезегі, жеделсатыларды ауыстыру, тұрғын үй қорын жаңғырту, жарық пен газ мәселелері сөз болды. Тұрғындар газ қысымының төмендігі, электр желілеріндегі ақаулар мен инженерлік инфрақұрылымның тозуына қатысты шағымдарын жеткізді. Жауапты мамандар жаңа газ және электр желілерінің кезең-кезеңімен салынып жатқанын айтты. Жиын соңында қала әкімі көтерілген мәселелерді жіті пысықтап, әр өтініш бойынша шешім қабылдау мерзімін нақтылауды тапсырды. Сондай-ақ тұрғындармен жеке кездесіп, тұрғын үй қорын күтіп-ұстау және жаңғырту бағдарламалары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.