СОЗАҚ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ
Созақ ауданында инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске қосу және жұмыс орындарын көбейту бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Ауданның экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мәселелері облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде талқыланды. Нұралхан Көшеров азаматтардың ұсыныс-өтініштерін тыңдады.
Кездесуде өңірде Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Облыс әкімі Созақтың экономикалық мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ауданның даму қарқынын арттыру қажеттігін атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытында ауданның экономикалық әлеуеті жоғары. Алайда қазба байлықтары бойынша ең бай, экономикалық мүмкіндігі мол ауданның даму көрсеткіштері бұдан да жақсы болуға тиіс. Сондықтан алдағы уақытта инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру, жұмыс орындарын көбейту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет.
Былтыр тұрғындар көтерген 7 мәселенің 6-уы толық шешімін тапқан, тағы бір мәселе бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар ауданда тұрмыстық қалдықтарды жинақтайтын 4 полигонның құрылысы жүріп жатыр.
МҰХИТ ТҰРЫСБЕКОВ, СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Бірнеше елді мекенде қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигондарымыз болмаған. Тасты, Шу, Сызған елді мекендеріне салып жатырмыз. Қазір қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.
Жиында тұрғындар абаттандыру, инфрақұрылым, жер телімдері, баспана, жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке қатысты мәселелерін көтерді. Өңір басшысы жауапты сала басшылары мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелердің орындалуын бақылауда ұстайтынын айтты. Кездесуден кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.