Негізгі Жаңалықтар ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА БАЛА ҚҰҚЫҒЫ АЙТЫЛДЫ

ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА БАЛА ҚҰҚЫҒЫ АЙТЫЛДЫ

Тұрғындарды мазалаған өзекті мәселелер шешімін табады. «Әділет» партиясының қалалық филиалында «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында кезекті азаматтарды қабылдау іс-шарасы ұйымдастырылды. Келген азаматтар негізінен отбасын қолдау, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік көмек алу төңірегіндегі түйткілдерді ортаға салды. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдау үшін кездесуге әкімдікке қарасты бірқатар жауапты сала жетекшілері де арнайы қатысты. Олар әрбір өтініштің заң аясында шешілу жолдарын қарастырды.

 Мәселесін арқалап келгендердің бірі – Мөлдір Мықымова. Төрт баланың анасы екі перзентінің целиакия дертіне шалдыққанын айтады. Бұл – өмір бойы арнайы диетаны талап ететін созылмалы аутоиммундық ауру. Мұндай диагнозы бар азаматтар тек глютенсіз арнайы тағамдармен тамақтануы тиіс. Бүгінде қалада осы дертке шалдыққан 150-ге жуық бала бар. Заң бойынша олар 18 жасқа толғанша диеталық өнімдермен тегін қамтамасыз етіледі. Ал кәмелет жасына толған соң бұл қолдау толығымен тоқтатылады.

МӨЛДІР МЫҚЫМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Шымкент қаласының ата-аналарының атынан келіп тұрмын. Балаларымыз 18 жасқа толғанға дейін емдік қасиеті бар арнайы тағамдарды аламыз. Алайда 18 жасқа толғаннан кейін бұл қолдау тоқтатылады. Біз осы мәселе бойынша келдік. Денсаулық сақтау басқармасы өтініш қалдыруымызды сұрады. Бұл мәселені «Әділет» партиясымен бірлесіп шешуге ықпал етеміз деді. Енді оң шешімін табады деп үміттенеміз.

 «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кезекті қабылдауға 15 азамат жазылған. Тұрғындардың басым бөлігі халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін көмек пен көпбалалы отбасыларға жасалатын қолдау мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, буллинг пен кибербуллингке қатысты сұрақтар да кеңінен талқыланды.

 ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бірінші кезекте, «Әділет» партиясының басты ұстанымы – балалардың құқықтарын қорғау мәселесінде көтерілген түйткілдердің оң шешім табуына атсалысу. Осы мәселе бойынша тиісті мекемелер өз ұстанымдарын білдіріп жатыр. Кейбірі жедел шешілсе, енді бірқатары хаттамалық негізде рәсімделіп, жауапты мекемелерге жолданады. Сондай-ақ олар партиялық бақылауға алынады.

 «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасы – әрбір баланың құқықтарын, қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды мемлекеттік бастама. Оның негізгі мақсаты – балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау.


Бөлісу