4 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ СЕНБІЛІККЕ ШЫҚТЫ
Табиғатты таза ұстау – ортақ міндет. Түркістан облысының Ащысай елді мекенінде ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылып, Қаратау жотасының етегіне мыңдаған адам жиналды. Сенбілікке 4 мыңнан астам тұрғын қатысып, 70 техника жұмылдырылды.
Таңмен таласа басталған жұмыс барысында тау бөктері мен қоғамдық аумақтар тұрмыстық қалдықтан тазартылды. Бір күнде 93 тонна қоқыс шығарылып, 72 гектар жер ретке келтірілді. Сонымен қатар өңірді көгалдандыруға үлес қосу үшін 100 түп ағаш көшеті отырғызылды. Игі іске облыс әкімі бастаған мемлекеттік қызметшілермен бірге еріктілер де белсене атсалысты.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Таза Қазақстан акциясы –бір күндік акция емес, бұл –біздің өмір-салтымыз.Қазақ жұртына тән нәрсе тазалық деген.Кейбір демалыс орындарына адамдар келіп, қоқысын тазаламай кетеді.Тазалықты сақтайық, сол бағытқа бәріңізді шақырамын.
Ащысайдағы акция – өңірде жүргізіліп жатқан экологиялық шаралардың бір бөлігі. Бүгінге дейін облыс бойынша сенбіліктерге 74 мыңға жуық адам қатысып, 780 тонна қоқыс шығарылған. Нәтижесінде 508 гектардан астам аумақ тазартылды.
БАЙБАТЫР МҰСАБЕК, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Бұл жерде арналарды, аулаларды тазарту жұмыстары жүріп жатыр.Әр сенбілік сайын тазалық іс-шаралары өтіп тұрады.Мақсатымыз–табиғатты қорғау, экологияны сақтау, болашақ ұрпаққа табиғатты қорғап қалдыру.
Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Еріктілер табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстау – бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс екенін айтады.