АРХИВТЕ – АШЫҚ ЕСІК КҮНІ
Тарихтың ізі – архивте. Мұнда өткен күннің шежіресі ғана емес, ел дамуына қатысты құнды деректер мен белгілі тұлғалардың жеке құжаттары сақтаулы. Бүгін еліміздің мемлекеттік архивтерінде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында ашық есік күні ұйымдастырылды. Шымкент қаласының мемлекеттік архиві де жастарға есігін айқара ашып, оларды тарихи құжаттармен таныстырды.
Архив қорындағы құжаттардың арасында елге еңбегі сіңген азаматтардың жеке қорлары да бар. Ашық есік күні опера әншісі, мәдениет саласының қайраткері Үралхан Сейілбекованың архивке өткізілген жеке құжаттары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар өнер иесімен кездесу ұйымдастырылды.
АЙПАРША АМАНГЕЛДИЕВА, ҚҰЖАТТАРДЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Архив қоймаларында еліміздің дамуына үлес қосқан қарымды азаматтардың құжаттары да бізде сақталады. Бүгін ашық есік күні. Түрлі шаралар жоспарлап отырмыз. Сейлбекова Үралханмен кездесу болады. Сол кісінің құжаттары біздің архивке сақтауға өткен.
Ашық есік күні жастар архив жұмысымен жақынырақ танысты. Құжаттардың қалай сақталатынын көріп, олардың ел тарихын зерттеудегі маңызы туралы ақпарат алды. Сондай-ақ белгілі азаматтардың жеке қорларындағы құнды дүниелер ұсынылды.
РАУАНА ӘДІЛ, СТУДЕНТ
Кітаптармен құжаттармен танысуға келдік. Біз өзіміз шығармашылыққа жақын болғандықтан ерекше құжаттарды жақын тануға келдік
Шымкент қаласының мемлекеттік архивінде бүгінде 445 қор бойынша 220 мыңға жуық құжат сақтаулы. Олардың қатарында қаланың ғана емес, тұтас елдің қоғамдық, әлеуметтік және мәдени дамуына қатысты маңызды деректер бар. Уақыт талабына сай бұл құжаттарды цифрландыру жұмысы да қатар жүргізілуде. Арнайы бөлім заманауи сканерлер мен серверлерді пайдаланып, тарихи құжаттарды электронды форматқа көшіріп жатыр.