ДЕКРЕТТІК ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒУ ЕРЕЖЕСІ ӨЗГЕРУІ МҮМКІН
Қазақстанда ерлердің бала күтіміне байланысты демалысына қатысты өзгерістер талқыланып жатыр. Үкімет ер адамдарға берілетін мемлекеттік бала күтімі демалысын қайта қарау мүмкіндігін қарастыруда.
Сонымен қатар бала туғаннан кейінгі алғашқы екі жылда әйелдерге көрсетілетін қолдаудың бір бөлігін бөбекжайдағы орындармен және бала күтуші қызметтерімен алмастыру ұсынылуда. Бұл туралы Үкіметте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мәселелері жөніндегі кеңесте белгілі болды. Әзірге бұл ұсыныстар бойынша түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Декретке қатысты мәселе әлеуметтік көмек көрсету жүйесін кең көлемде реформалау аясында қаралып отыр. Бірінші кезеңде Үкімет 36 түрлі төлемнің 14-ін атаулы қағидатқа көшіруді жоспарлап отыр. Яғни көмек азаматтардың нақты мұқтаждығына қарай көрсетіледі. Қазір жергілікті атқарушы органдар ұсынатын әлеуметтік көмектің тағы 13 түрін төрт түрге біріктіру жоспарланған.