«АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ» ҚОРЫҒЫНА – 100 ЖЫЛ
Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекеттік табиғи қорық – «Ақсу-Жабағылының» құрылғанына 100 жыл толды. Тарихи датаға орай Түлкібас ауданында ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Орталық саябаққа жиналған жұртшылық ұлттық ойындарды тамашалап, табиғатты қорғау ісіне өлшеусіз үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетті.
Бұл мерейтой – Түркістан өңірі үшін ғана емес, тұтас ел үшін маңызды оқиға. Өйткені «Ақсу-Жабағылы» қорығы Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең алғашқы мемлекеттік табиғи қорық саналады. Оның құрылу тарихы мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімімен тығыз байланысты. Салтанатты жиын Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
ЗАУЫТБЕК ТҰРЫСБЕКОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Түлкібас өңірі ерекше. Асқаров өңірді басқарып жүргенде көп келетін бұл жаққа. Қазақстан бойынша ең керемет өңір бостандық еді. Ол Өзбекстанға өтіп кетті, ендігі. Ендігі керемет мекен ол Түлкібас ауданы.
Мерекелік шара аясында ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар аударыспақ, арқан тарту, қол күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Концерттік бағдарлама ұсынылып, зиялы қауым өкілдері табиғи мұраны сақтау мен оны жас ұрпаққа насихаттаудың маңызын атап өтті.
АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Конференцияда баяндамаларды тыңдай отырып келген ой осыншама маңызды деректер осында ғана қалып қоймай ең бастысы жас ұрпаққа жетсе екен. Жас ұрпақ осыны бойына сіңірсе екен.
Айта кетейік, «Ақсу-Жабағылы» қорығында сүтқоректілердің 52, құстардың 299, бауырымен жорғалаушылардың 11, қосмекенділердің 3 түрі және жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі кездеседі. Оның 41 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Ақсу шатқалы, тау көлдері, мұздықтар мен бірегей табиғи ландшафттар қорықтың құндылығын арттыра түседі.