Негізгі Жаңалықтар АҚСУ ШАТҚАЛЫНДА КӨРУ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

АҚСУ ШАТҚАЛЫНДА КӨРУ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына орай Ақсу шатқалында заманауи көру алаңы ашылды. Енді тұрғындар мен туристер Ақсу құз-шатқалының қайталанбас табиғатын қауіпсіз жағдайда, кең панорамалық көріністе тамашалай алады. Жаңа нысан өңірдегі экологиялық туризмнің дамуына серпін беріп, шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын арттыруға мүмкіндік жасайды.

Ақсу шатқалы – 1926 жылы құрылған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының ең көрікті орындарының бірі. Қорықтың 100 жылдығы аясында табиғи мұраны насихаттау мен экологиялық туризмді дамытуға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұл – тек жаңа туристік нысан ғана емес, табиғат пен адам баласының үндестігін көрсететін, туған жердің сұлулығына тағзым ететін ерекше орын. Көру алаңы туристерге, ғалымдар мен жастарға Ақсу шатқалының әсем табиғатын қауіпсіз әрі заманауи жағдайда тамашалауға мүмкіндік береді.

Жаңа көру алаңы келушілерге Ақсу құз-шатқалының көркем келбетін тамашалап қана қоймай, оның геологиялық ерекшеліктері мен биоалуантүрлілігі туралы тың мәлімет алуға мүмкіндік береді. Мұнда танымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, қорықтың табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстары таныстырылады.


АЙТБЕК МЕҢЛІБЕКОВ, АРДАГЕР
 Өздеріңізбен Ақсу құз шатқалының бойында кездесіп, бүгінгі тойдың бет-пердесін ашудамыз. Президентіміздің бастамасымен жасалынып жатқан көптеген іс-шара оның ішінде Таза Қазақстан бағдарламасын іске асыруда. Біздің қорық аудан азаматтары, облысымда да түгел қатысып жақсы іс-шараларды өткеруде. Ерекше қорғалған табиғи аумақтың азаматтары Таза Қазақстанды әр мекеменің ашылуынан, басталуынан жасап жатыр.


 Салтанатты шара барысында көпшілік жаңа нысанды аралап, Ақсу шатқалы бойымен ұйымдастырылған танымдық экскурсияға қатысты. Мамандардың айтуынша, бұл жоба өңірдің туристік әлеуетін арттырып, табиғат жанашырлары мен саяхатшылар жиі келетін орындардың біріне айналмақ.


Бөлісу