ТАСЖОЛДАҒЫ АДАМ ӨЛІМІ АЗАЙМАЙ ТҰР
Қазақстанда жол апатынан қаза тапқандардың тең жартысы республикалық маңызы бар тасжолдардағы апаттан көз жұмады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов адам өлімі ең көп тіркелген жол учаскелерін атады.
Үкімет отырысында министр республикалық маңызы бар жолдардағы қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, адам өлімі ең көп тіркелген учаске – Жамбыл облысындағы Алматы-Ташкент тасжолы. Мұнда биыл 60 адам қаза тапқан. Алматы облысындағы Алматы – Бішкек бағытында 33 адам көз жұмған. Алматы – Өскемен тасжолында 12, Алматы – Көкпекті – Көктал бағытында 17 адам қаза тапты. Ақтөбе облысындағы Шымкент – Самара тасжолында 19, ал Ақтөбе – Атырау бағытында 14 адамның өмірі қиылған. Ержан Сәденов республикалық жолдардағы қауіпсіздікке жол бойындағы қызмет көрсету орындарының жетіспеуі де әсер етіп отырғанын айтты. Жүргізушілердің демалып, тамақтануына арналған орындар аз болғандықтан, кейбірі ұзақ жолда аялдамай жүруге мәжбүр. Министрдің сөзінше, жалпы жолдардың тек 16%-ы заманауи талаптарға сай келеді.
ЕРЖАН СӘДЕНОВ, ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ
«Қаза тапқандардың тең жартысы республикалық маңызы бар жолдардағы апаттарға тиесілі. Жол бойындағы сервис сапасы айтарлықтай жақсы емес. Кемпингтер мен тамақтану орындары өте аз. Жүргізушілер демалыссыз көлік жүргізіп, соның салдарынан рөлде ұйықтап кететін жағдайлар болады. Қауіпсіздікті арттыру үшін бірінші санаттағы, яғни қозғалыс бағыттары бөлінген көпжолақты тасжолдарды көбейту қажет.»