САРЫАҒАШ АЙНАЛМА ЖОЛЫ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯМЕН САЛЫНАДЫ
Қазақстанда жол құрылысына бес сатылы бақылау енгізіліп, материалдардың бірыңғай базасы құрылады. Сонымен қатар мердігердің жауапкершілігі артады. Осыған орай Ұлттық сапа орталығы еліміздің оңтүстігінде салынып жатқан Сарыағаш айналма жолын ерекше бақылауда ұстап отыр. Өйткені бұл логистикалық дәліз Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы транзиттік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда айналма жолды салатын мердігерлер анықталып, топырақ жабынын тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол құрылысы кезінде жаңа технологиялар қолданылмақ. Тасжол Қабланбек елді мекенінен басталып, Қызыләскердегі «Б. Қонысбаев» кеден бекетіне дейін жалғасады. Жүз шақырымдық тасжол бойында 9 жолайрық, 26 көпір, 11 теміржол өткелі, 4 демалыс алаңы және 10 ақылы жол аркасы салынады. Айналма жол халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырып, еліміздің халықаралық көлік-логистикалық орталық ретіндегі мүмкіндігін нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.
ЖАНДОС ЕГЕМБАЕВ, ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Бұл жол бірінші санатты болады. Мұнда жаңа технологиялар қолданылатын болады. Жол жаңа механизмдермен салынып жатыр. Мердігер компания жолды өзі жобалап, өзі салады және 7 жыл бойы күтіп ұстайды. Сондықтан мердігер жолдың сапасына жауапкершілікпен қарайды.