ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР ДӘРІПТЕЛДІ
Жастардың ұлттық қолөнерге деген қызығушылығы артып келеді. Осы орайда Қаратау аудандық ардагерлер ұйымы №79 мектепте «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттың рухани қазынасы» атты шығармашылық кеш өткізді. Басқосуда ақ жаулықты аналар жастарға ақыл-кеңесін айтып, қолөнердің қыр-сырын үйретті. Сондай-ақ төл дәстүріміз бен өнерімізді ұмытпай, оны келешек ұрпаққа аманаттаудың маңызын түсіндірді.
Іс-шарада шығармашылық пен еңбекті серік еткен мектеп оқушылары өз шеберлігін ортаға салды. Ал Айбарша Есенбек бүгінгі жиынға ерекше дайындықпен келген. Ол мектептегі арнайы үйірмелерге қатысып, түрлі қолөнер бұйымдарын жасаудың қыр-сырын меңгерген. Жасынан еңбекке баулынған талапты оқушы өз білімі мен шеберлігін әрі қарай да шыңдай бермек.
АЙБАРША ЕСЕНБЕК, ОҚУШЫ
Бұл іс-шарада біз қолөнердің түр-түрін үйренеміз. Қолөнердің қандай түрлері бар екенін, қарапайым заттардан не тоқылатынын және оның қандай мақсатта жасалатынын көрсетеді. Қолмен жасалған бұйым құнды болып келеді. Сондықтан мен қолөнерді жақсы көремін. Себебі қолөнермен айналысқанды, тоқыма тоқығанды қатты ұнатамын.
Жиында ақ жаулықты аналар оқушыларға бабадан қалған киіз басу мен құрақ құрау өнерін дәріптеді. Әрбір ою-өрнектің терең мағынасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Мектеп ұжымы да бұл бастамаға белсене қатысып, жас өрендердің төл мәдениетімізге деген қызығушылығын арттыруға жағдай жасады.
БОЛСЫНАЙ ИСМАЙЛОВА, ҚАРАТАУ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бүгінгі тақырыбымызда біз қолөнерге көп көңіл бөліп жатырмыз. Өйткені қыз бала – ертеңгі болашақ ана. Қоғамымыздың мүшелерін тәрбиелейтін жан. Біз негізгі басымдықты қыз бала тәрбиесіне арнап жатырмыз. Бұл жерде қыздарымызға қолөнерді үйретеміз. Олардың бұрынғы әжелері қолөнердің қандай түрлерімен айналысқанын, оның тұрмыста қандай пайдасы болғанын көрсетеміз.
Ұлттық құндылықтар мен аға буын тәжірибесін дәріптейтін «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлттың рухани қазынасы» жобасы қаладағы мектептерде тұрақты түрде өтетін болады. Бұған дейін ардагерлер қаладағы үш мектепте арнайы кездесу өткізіп, ұлттық қолөнердің тағылымын түсіндірген еді.