Негізгі Жаңалықтар СТУДЕНТТЕР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ МЕҢГЕРУДЕ

СТУДЕНТТЕР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ МЕҢГЕРУДЕ

СТУДЕНТТЕР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ МЕҢГЕРУДЕ

Жасанды интеллектті дұрыс қолдану - бүгінгі студент үшін маңызды дағды. Сайрам медициналық колледжінде жастарға ЖИ-дің мүмкіндіктері таныстырылып, оны оқу барысында тиімді пайдаланудың жолдары түсіндірілді. «Цифрлы Қазақстан: жасанды интеллект -  заман талабы» тақырыбындағы кездесуде студенттер жаңа технологияның білім мен медицинадағы қолданысын талқылады.


 Цифрлық сауаттылықты арттыру - болашақ мамандар үшін маңызды талап. Сайрам медициналық колледжінің білім алушылары жасанды интеллекттің оқу үдерісіндегі мүмкіндіктерімен танысып, жаңа технологияны ақпарат іздеу, білімін толықтыру және өздігінен іздену үшін тиімді пайдаланудың жолдарын үйренді. Сондай-ақ медицина саласындағы соңғы цифрлық үрдістерге назар аударылды.


 БАХАДЫР АКРАМШИКОВ, «САЙРАМ» МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
 Кездесудің басты мақсаты – жасанды интеллекттің не екенін және оны дұрыс қолдану тәртібін студенттерге түсіндіру. Студенттер сабақ барысында ChatGPT-ді қолданып жатыр. Мысалы, анатомия сабағында қажетті ақпараттарын осы жерден алады. Күнделікті өмірде де жастар жасанды интеллектті белсенді пайдаланып жүр.


Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе жаңа технологияның медицинадағы қолданысы жастардың қызығушылығын арттырды. Мамандар ЖИ-ді дайын жауап көзі ретінде емес, білімді толықтыратын құрал ретінде сауатты пайдаланудың маңызын атап өтті.


МҰСАБЕК АҚЫЛБАЕВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ПРОФЕССОР
 Жасанды интеллект деген – адамның ойлау қабілетін, үйренуін, шешім қабылдауын компьютерлік жүйе арқылы модельдеу. Яғни компьютерге адамның ойлау қабілетін белгілі бір деңгейде модельдеп, сол арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін технология.


Жиында жасанды интеллектіні қолданудың жауапкершілігіне де баса мән берілді. Студенттер ақпаратты саралау, дереккөзді тексеру, өз бетінше ойлау және академиялық адалдық қағидаларын сақтау жөнінде түсінік алды. Сонымен қатар жеке деректерді қорғау мен ақпараттық қауіпсіздік талаптары да түсіндірілді.

Бөлісу