БЕКЗАТ ТУРАЛЫ КІТАП ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
«Бекзат. Шаршы алаңнан тыс өмір». Өткен жылы жазушы Бейбіт Сарыбайдың осы атаумен алғашқы кітабы жарық көрген болатын. Қаламгер туындысына қазақ боксының жарық жұлдызы Бекзат Саттархановтың өмірін арқау еткен. Бұл жолы жазушы №140 жалпы орта мектебінде оқушылармен кездесіп, кітаптың жазылу тарихы мен басты кейіпкердің тағылымды өмір жолы туралы әңгімеледі. Оқырман қауыммен еркін пікір алмасқан қаламгер жас буынды ұлттық рух пен қайсарлыққа үндеді. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Деректі шығармада жиырма жасында спорттың биік шыңын бағындырған Бекзат Саттархановтың балалық шағынан бастап, азамат болып қалыптасуына дейінгі өмір жолы баяндалады. Автор чемпионның шаршы алаңдағы жарқын жеңістерімен қатар, оның қайсар мінезін, туған еліне деген шексіз сүйіспеншілігін шынайы суреттеген. Ұлтқа үлгі болар тұлғаларды насихаттауды мақсат еткен жазушыға бұл бастамада кәсіпкер Мақат Төреәлі қолдау көрсеткен. Ол Бекзаттай батыр ұлдың рухына әдеби туынды арқылы тағзым жасауды ұсынып, жобаның жүзеге асуына демеушілік еткен.
БЕЙБІТ САРЫБАЙ, ЖАЗУШЫ
Мен бүкіл қазақ баласына, өскелең ұрпаққа үлгі қылатын керемет кейіпкерді іздеп жүргенмін.Сол кейіпкерді жазсам, кітапты оқыған жастар қазақтың баласы деген атқа лайық болса екен деп армандайтынмын.Бұл дүниені жазар алдында архивтерді қопардық. Түркістанға келіп, анасы, ұстаздары мен жаттықтырушысымен сөйлестім.Бекзат батырдың тұңғыш әдеби образын жасадым деп айта аламын.
Шығармада чемпионның спорттық тұлғасымен қатар, сол кезеңдегі қазақ жастарының болмысы да көркем өрілген. Романдағы Жібек есімді кейіпкер арқылы автор туындыға драмалық сипат беріп, оқырманды терең сезім иірімдеріне жетелейді. Кездесуге қатысушылар кітаптың мазмұны мен кейіпкерлер әлемі туралы әсерлі әңгіме тыңдап, шығарма төңірегінде өзара пікір алмасты.
ГҮЛБАНУ МЫРЗАХМЕТОВА, №140 ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ КІТАПХАНАШЫСЫ
Бейбіт Сарыбай ағаның кездесуінен шықтым.Өте әсерлі күйде тұрмын.Мектеп ұжымына кітабын сыйға тартты.Туындының тәрбиелік мәнін алдағы уақытта оқушылармен талқылаймыз.Оқушылардың қызығушылығы өте мол, қазірдің өзінде байқап тұрмыз.
Кездесу соңында оқырмандар жазушыға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, Бекзат Саттархановтың өнегелі өмірі жайында ой бөлісті. Қатысушылар қаламгерден естелік қолтаңба алып, естелік суретке түсті.