ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ ТАҒАЙЫНДАУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРЕДІ
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа тәсіл бойынша мемлекеттік қолдау отбасының нақты жағдайы мен қажеттілігіне қарай көрсетіледі. Бұл туралы Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева брифингте мәлімдеді. Сонымен қатар жұмыс іздеушілерге көрсетілетін қызметтер мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға берілетін қолдау шаралары да жетілдірілмек.
1 қазаннан бастап жұмыс іздеп жүрген азаматтарға лайықты жұмыс ұсыну тәсілі өзгереді. Мансап орталығының мамандарына азаматтың білімі, тәжірибесі мен мүмкіндігіне сәйкес жұмыс орнын іздеуге көбірек уақыт беріледі. Бұған дейін екі күн болса, енді бұл мерзім 13 күнге дейін ұзарады. Ал әлеуметтік төлемдерді тағайындауда отбасының әлеуметтік жағдайын кешенді бағалауға басымдық беріледі.
ЖАНАТ ӨТЕБАЕВА, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
АӘК соңғы 3 жылмен салыстырғанда көрсеткіш төмендеп отыр. 2024 жылы 8810 отбасы болатын болса, қазіргі таңда 1858 отбасы. 2024 салыстырғанда 79 пайызға төмендеп отыр.
Басқарма басшысының айтуынша, әлеуметтік атаулы көмекті алушылар саны да азайған. Мәселен, 2024 жылы 8810 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, қазір бұл көрсеткіш 1858 отбасына дейін төмендеген. Яғни соңғы екі жылда 79 пайызға азайған. Өзгерістердің негізгі бағыты – әлеуметтік көмекті шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағыттау және жұмыс іздеп жүрген азаматтардың еңбек нарығына шығуына жағдай жасау. Сонымен қатар мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасуда. Биыл бұл санаттағы тұрғындарды қажетті құралдармен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 15,4 миллиард теңге қарастырылған. Оның 10 миллиард теңгесі игерілген.
ЖАНАТ ӨТЕБАЕВА, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қажетті құралдармен қамтамасыз ету жұмыстарының 81 пайызы орындалған. Бүгінде 42 мың 330 азамат техникалық оңалту және протездік-ортопедиялық құралдар, сондай-ақ есту және көру қабілетін түзетуге арналған құрылғылармен қамтылған.
Ал еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару бағыты бойынша да жұмыстар жалғасуда. 2026 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша Шымкенттен 143 отбасы, яғни 586 адам басқа өңірлерге қоныс аударған. Олардың басым бөлігі Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарына бағытталған.