1300-ДЕН АСТАМ ЖАС ӘСКЕРГЕ ЖІБЕРІЛЕДІ
Биыл күзде Шымкент қаласынан 1300-ден астам жас азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланып отыр. Әскерге шақыру науқанының барысы мен көктемгі науқанның қорытындысы туралы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Әбдіғабит Шегебаев БАҚ өкілдеріне мәлімдеді.
Қазіргі таңда мегаполистен 160-қа жуық жас азамат Шекара қызметінің бөлімшелеріне аттанған. Сондай-ақ тағы 160-қа жуық сарбаз Ұлттық ұлан қатарында қызметін бастады. Олардың барлығы шақыру комиссиясынан өтіп, әскери қызметке жарамды деп танылған.
Брифинг барысында көктемгі әскерге шақыру науқанының нәтижесі де айтылды. Осы кезеңде Шымкент қаласынан Қарулы күштерге, өзге де әскери құрылымдар мен әскер түрлеріне 1200-ге жуық азамат жөнелтілген.
Әскери борышын өтейтін жастар үшін бірқатар әлеуметтік қолдау тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, әскери қызмет кезеңіне және қызмет аяқталғаннан кейінгі уақытқа кредиттік демалыс беріледі. Сондай-ақ сарбаздар ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие. Бұдан бөлек, жұмысшы мамандықтары бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік алуына жағдай жасалған.