Негізгі Жаңалықтар БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКТІҢ ӨШПЕС ӨНЕГЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКТІҢ ӨШПЕС ӨНЕГЕСІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Шымкентте ақпарат айдынында айрықша қолтаңбасын қалдырған журналист Байдулла Қонысбектің 85 жылдығына арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. Тағылымды басқосуда саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған азаматтың өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен сөз болды.


Бір ғасырға жуық тарихы бар қазақ журналистикасының шежіресінде әр дәуірдің өз майталманы бар. Бұл тұста қаламын қару етіп, көгілдір экранды халық пен биліктің арасындағы алтын көпірге айналдырған ардагер журналист Байдулла Қонысбектің есімі ерекше аталады. Жиын мерейтой иесінің өмірі мен еңбек жолын арқау еткен бейнероликтен басталды. М.Әуезов атындағы ОҚЗУ университетіне жиналған әріптестері мен шәкірттері журналистің ғибратты жолына тоқталып, ұстаздық болмысы мен азаматтық ұстанымын айрықша атап өтті.


ҒАЛЫМЖАН ЕЛШІБАЙ, ЖУРНАЛИСТ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
 Байдулла Қонысбектің туғанына 85 жыл толуына орай әр түрлі іс-шаралар өтіп жатыр.Бұған дейін Түркістан қаласында бильярдтан турнир өткен. Оған Шымкент, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл бильярдшылары қатысып, тартысты турнир өткен.Одан кейін «Журналист жүрегі» атты кітапты тұсауы Түркістанда кесілді.Бүгін іс-шара Шымкент қаласында жалғасып жатыр.Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.


Байдулла Қонысбек – Оңтүстік өңірінің ақпарат кеңістігін қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол қос бірдей қара шаңырақта басшылық қызмет атқарып, өңірлік телеарнаның іргесін бекемдеуге бар күш-жігерін жұмсады. Қоғамның тыныс-тіршілігін таразылап, елдің көкейіндегі мәселені билікке жеткізді. Ал телеэкран арқылы халыққа рухани азық беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге айрықша мән берді. Ол өзімен бірге қызмет еткен талай жастың қанатын қатайтып, журналистика әлеміне жол ашты. Бүгінде сол шәкірттерінің алды – белгілі журналист, ұлағатты ұстаз.


 НҰРЖАН БАЙДУЛЛАҰЛЫ, БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКТІҢ ҰЛЫ
Әкемнің тік мінезділігі, уәдеге беріктігі, ақкөңілдігі, бауырмашылдығы бар еді. Шәкірттері көп қой. Жан-жағына, әріптестеріне, ұстаздарына өте адал болатын.Осындай қасиеттерін ерекше атап өтуге болады.


 Ғылыми конференцияда ардагер журналистің қазақ телевизиясының дамуына қосқан үлесі мен шығармашылық мұрасы жайлы мазмұнды баяндамалар жасалды. Журналистика саласының ардагерлері мен жас буын өкілдері ой бөлісіп, естеліктерін ортаға салды.

Бөлісу