30 ОТБАСЫ ЖАЛҒА БЕРІЛЕТІН ЖӘНЕ НЕСИЕЛІК ҮЙЛЕРГЕ ИЕ БОЛДЫ
30 Шымкенттік отбасы қоныс тойын тойлайды. Оларға бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа пәтердің кілтін салтанатты түрде табыстады. Жаңа үйлер Қайтпас және Асар – 2 шағынауданында орналасқан. Берілетін пәтерлерді тұрғындар жалға несиелік бағдарлама арқылы алып отыр.
Әкім қолынан жаңа пәтердің кілтін алғандардың бірі Ұлдана Қожахметова. Бес жылдан бері пәтер жалдап күнелткен ол енді Асар-2 шағынауданының тұрғыны болды. Енді көпбалалы ана қоныс тойын тойлауды жоспарлап отыр.
ҰЛДАНА ҚОЖАХМЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Баспаналы болуды қанша жылдан бері армандап келемін.Бүгін арманым орындалған күн болды.Асар шағынауданынан үш бөлмелі пәтерге ие болдым.Қуанышымда шек жоқ.Қала әкіміне айтар алғысымыз шексіз.
Жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында көп балалы және толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ М.А.
Бұл пәтерлер тұрғын үй кезегінде көп жылдан бері тұрған тұрғындарға беріліп жатыр.Үй сатып алу құқығымен берілді.Барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Жалға берілетін үйлер Қайтпас шағынауданында, ал несиелік үйлер Асар-2 шағынауданында орналасқан. Бұл баспаналар «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген бағдарламасы бойынша төлем қабілеттілігін растаған және белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтарға берілді.