ШЫМКЕНТТЕ AI-КЕҢСЕ АШЫЛДЫ
Мемлекеттік қызмет алудың жаңа форматы Шымкентте іске қосылды. Қалада тұрғындарға цифрлық сервистерді өз бетінше пайдалануға мүмкіндік беретін еліміздегі бесінші AI-кеңсе ашылды. Енді қажетті ақпаратты тауып, кейбір қызметтерді жасанды интеллект көмегімен алуға болады.
Заманауи кеңістікте жедел қызмет көрсету, цифрлық және сараптамалық аймақтармен қатар, тұрғындардың цифрлық сауатын арттыруға арналған оқыту орны бар. Келушілерге демалып, жұмыс істеуге мүмкіндік беретін арнайы орын да қарастырылған. Кеңсе моноблоктармен, жоғары жылдамдықты сканерлермен және eGov GPT сервисі орнатылған ақпараттық экрандармен жабдықталған.
АРМАН КЕНЖЕҒАЛИЕВ, «АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН ҮКІМЕТ» МЕМЛЕКЕТТІК КОРПОРАЦИЯСЫ» КЕАҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ
Мына жерде бізде 4 терминал бар ,оның ішіне әлем жпт жасанды интеллекті енгізілген. Ол біздің азаматтарға қызметкерлер сияқты көмектесе алады. Мысалы сіз оны қолмен немесе дауыспен айтсаңыз маған анықтама келеді.
AI-кеңседе жасанды интеллект тұрғындардың сұрағына жауап беріп, қажетті ақпаратты табуға көмектеседі. Мысалы, азамат қажетті анықтаманы дауыспен немесе мәтін арқылы сұрай алады. Кеңседегі тағы бір жаңалық - құжаттандыру терминалы. Оның көмегімен жеке куәлік пен паспортты бірнеше минут ішінде өз бетінше рәсімдеуге болады. Цифрлық қызметтермен қатар, мұнда электронды сервистерді пайдалануды үйрететін арнайы оқыту аймақтары да жұмыс істейді. Тұрғындар цифрлық дағдыларын жетілдіріп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алудың жолдарын тегін меңгере алады.
НҰРЛЫБЕК АЛДАНОВ, ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ХҚКО БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шымкент қаласының барлық тұрғындарына арналған әлемдік ЖПТ ашылды.Қазіргі таңда бізде Астана қаласында Ұлытау қаласында ашылып жатыр.
Жаңа AI-кеңсе Shymkent City Mall сауда-ойын-сауық орталығының қолдауымен ашылды. Бұған дейін осындай цифрлық кеңселер Астана қаласында, Түркістан және Ұлытау облыстарында іске қосылған. Енді Шымкент тұрғындары да мемлекеттік қызметтерді заманауи технологиялардың көмегімен жылдам әрі өз бетінше пайдалана алады. Алдағы уақытта мұндай кеңселерді еліміздің өзге өңірлерінде де көбейту жоспарланып отыр.