Негізгі Жаңалықтар ӨНДІРІСТІҢ ӨЗЕГІ – БІЛІКТІ МАМАН

ӨНДІРІСТІҢ ӨЗЕГІ – БІЛІКТІ МАМАН

Ел экономикасының қуаты өндірістің әлеуетімен өлшенеді. Ал мұның қарқынын арттыратын негізгі салалардың бірі – машина жасау ісі. Былтыр Қазақстанда 171 мыңнан астам көлік өндірілсе, биылғы жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 94 мыңға жетті. Өндірістің өсуі ең алдымен заманауи талапқа бейім мамандарға сұранысты арттырады. Ал Шымкенттік студенттер кәсіби дағдыларын қалай шыңдап жүр? Толығырақ әріптесім тарқатады.


АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Көлік құрастыру дегенде көпшіліктің көз алдына зауыт, алып құрылғылар мен күрделі механизмдер келеді.  Бірақ сол өндірістің негізін бүгіннен бастап меңгеріп жүрген болашақ мамандар бар.  Қолына құрал ұстап, техниканың тілін тауып жүрген жастар мұнда тәжірибесін де ұштап жүр.


Отандық өндіріс кеңейіп, жаңа технологиялар қанат жайған сайын білікті мамандарға деген сұраныс та арта түседі. Біліктілігін арттырып, өз саласының үздігі атануды қалайтындардың қатарында Шыңғыс Абубакиров те бар. Шеберханада шеберлігін шыңдап жүрген білім алушы болашақта машина жасау ісіне бет бұруды қалайды.


ШЫҢҒЫС АБУБАКИРОВ, ЖОЛ-КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНІҢ СТУДЕНТІ
Оқу барысында мотор, диагностика, тежеу жүйесін істеуді үйрендім.Біздің елде түрлі машина жасау зауыттары бар.Келешекте сол салада қызмет атқарып, өз үлесімді қосқым келеді.


Дегенмен, өндіріс үшін маман даярлау тәжірибемен шектелмейді. Елдегі машина жасау саласы технологияны терең меңгерген кадрларды керек етеді. Сондықтан оқу барысында студенттердің теориялық білімі мен тәжірибелік дағдысын қатар қалыптастыру маңызды.


КЕЛДІБЕК ЖҮНІС, ӨНДІРІСТІК ШЕБЕР
Біз теорияны практикаға алмастырып, 100 сағаттың 80 сағатын тәжірибеге арнаймыз. Осы мамандыққа сұраныс өте көп.300 грант бөлінсе, оған 600-ге жуық бала таласады.


Шеберлердің айтуынша, техникалық мамандықтарға қызығушылық танытатын жастардың қатары қалың. Тәжірибе кезінде білім алушылар мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, мүмкіндігін сынап, кәсіби бағдарын айқындайды. Алайда, бұл ретте мәселенің екінші қыры да бар. Өнеркәсіп жаңарған сайын маманға қойылатын талап та өзгереді. Оның үстіне қазіргі нарық цифрландыру әрі автоматтандыру сынды жаңа құзыреттерді қажет етіп отыр.


 ОЛЖАС НАРЫҚБАЕВ, ЖОЛ-КӨЛІК КОЛЛЕДЖІНІҢ КАФЕДРА МЕҢГЕРУШІСІ
Біздің елде Allur auto сияқты үлкен зауыттар бар.Ол жақта мамандар тапшы.Сол жерге студенттеріміз, әсіресе осы автоға қызмет көрсету, автоэлектрик мамандары көп сұранысқа ие.


Соңғы жылдары Қазақстанда автомобиль индустриясына бағытталған қаражат көлемі артты, өндірістік қуат жаңғыртылды. Кейінгі бес жылда салаға 457 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш білікті мамандарға деген сұранысты одан әрі арттыратыны анық.

Бөлісу