ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ АЛДЫН АЛУ
Тәуелділік бір күнде пайда болмайды. Кейде ол қызығушылықтан басталса, кейде қиындықтан қашудың жолына айналады. Уақыт өте келе адамның денсаулығына, психологиялық жағдайына және жақындарымен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. Осы мәселелер бүгін Мирас университетінде жастармен ашық талқыланды. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
Әдемі өмірге балта шабу – бір-ақ сәт. Бірақ дұрыс емес жолға түсу өмірдің соңы емес. Әр адам үшін жаңа парақ ашуға мүмкіндік бар. Осы тақырып аясында бүгін Шымкентте жастар арасында нашақорлық, лудомания және суицидтің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жиын Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Шымкент қаласы Полиция департаменті Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының полиция подполковнигі Мақсат Қалымбетов қатысып, жастарға есірткі қылмысына қатысты құқықтық жауапкершілікті түсіндірді. Ал психологтың айтуынша, жастардың теріс жолға түсуіне себеп болатын факторлардың бірі – эмоцияны басқару дағдыларының жеткіліксіздігі.
Жиынды «Бәйтерек» жастар ұйымы ұйымдастырды. Мамандар мұндай кездесулер жастарға зиянды әдеттердің салдарын түсініп, қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдауға көмектесетінін атап өтті.