ДРИФТ ҮШІН 10 ТӘУЛІККЕ ҚАМАЛДЫ
Шымкентте қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған жүргізуші жауапкершілікке тартылды. Полицейлер құқық бұзушыны жедел анықтап, заң аясында тиісті шара қолданды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жүргізушінің жеке басы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Тексеру барысында оның Шымкент қаласының 20 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Сот шешімімен азамат әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке қамаққа алынды. Сондай-ақ құқық бұзушылық жасалған көлік эвакуацияланып, арнайы айып тұрағына қойылды. Полиция қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін бұзатын әрекеттерге заң аясында қатаң шара қолданылатынын ескертеді.