АЛТЫН ҰЯҒА – 60 ЖЫЛДЫҚ САҒЫНЫШПЕН
Алпыс жыл бұрын қара шаңырақтан түлеп ұшқан түлектер білім алған ордасына қайта оралды. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде ардагер ұстаздар мен оқу орнының түлектері бас қосып, жастық шақтарын еске алды.
Кездесуге келгендер алдымен университет аумағындағы Өзбекәлі Жәнібеков ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл – ел тарихында өзіндік орны бар тұлғаға көрсетілген құрметтің белгісі.
ҚАЙРАТ БАЛАБИЕВ, ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
«Сіздер – осы қара шаңырақтың тарихын қалыптастырған ардагер түлектерсіздер. Әр жылдары алған білімдеріңізді ел игілігіне жұмсап, түрлі салаларда абыройлы қызмет атқардыңыздар. Бүгінгі кездесудің мәні де осында. Сіздердің өмір жолдарыңыз – қазіргі студенттер үшін үлкен өнеге».
Ардагер түлектердің әрқайсысының еңбек жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Білім беру, мемлекеттік қызмет, әскери сала мен қоғамдық жұмыстарда еңбек еткен азаматтар ел дамуына өз үлесін қосты. Солардың бірі – Лұқпан Бәшенов. Ол 1965 жылы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түскен.
ЛҰҚПАН БӘШЕНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
«Институтта оқыған жылдарымыз қызықты өтті. Сол кездегі ұстаздарымыздың еңбегі ерекше еді. Көбі бүгінде өмірден өтіп кетті. Жатқан жерлері жайлы болсын. Бізге білім беріп, өмір жолымызға бағыт-бағдар берген ұстаздарымыздың арқасында осындай дәрежеге жеттік. Бүгін, міне, 60 жылдан кейін осы оқу орнына қайта келіп, сол бір жастық шағымызды еске алып отырмыз».
Кездесуде ұрпақтар сабақтастығына да мән берілді. Бір кездері осы аудиторияларда білім алған аға буын бүгінде университетте білім алып жүрген жастарға ақыл-кеңесін айтып, ізгі тілектерін білдірді.
Бір кездері алтын ұядан қанат қаққан түлектер араға алпыс жыл салып қайта қауышты. Сағынышын басып, қуанышын бөліскен ардагерлер үшін бұл күн – өткенді еске алып, бүгінге шүкіршілік айтқан ерекше кездесу болды.