ЭКСПОРТТЫҚ-КРЕДИТТІК АГЕНТТІК ОТАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕДІ
Отандық өндірушілердің шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндігі артты. Биыл «Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» 78 кәсіпорынға 514 млрд теңгеден астам қаражат бағыттаған. Шымкенттік кәсіпкерлер де бұл қолдаудан тыс қалған жоқ. Қаңтар-тамыз айларында экспорттаушыларға 6,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мекеме өкілдері үшінші мегаполиске келіп, кәсіпорындарды аралап, өндіріс барысымен танысты.
Сексен жылға жуық тарихы бар «Шымкентмай» зауытының өндірістік жолы мақта майынан басталады. Қазір мұнда күнбағыс, соя, мақсары және рапстан түрлі өнім өндіріледі. Кәсіпорын өсімдік майымен қатар жемшөп пен шаруашылық сабынын да шығарады. Зауыттың өнімі еліміздің оңтүстік өңірлерімен шектелмейді. Қазақстандық тауарлар Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Иран, Ауғанстан, Қырғызстан және Түркия елдеріне жөнелтіледі. Компанияның Экспорттық-кредиттік агенттікпен әріптестігі 2017 жылдан бері жалғасып келеді. Осы кезеңде ұсынылған сақтандыру өтемінің көлемі 40,3 млрд теңгеге жеткен. Ал биыл мекемеге 4 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
САНЖАР ЖОЛДИЯРОВ, «ШЫМКЕНТМАЙ» АҚ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ
Біздің кәсіпорында шамамен 800 адам жұмыс істейді. Негізгі өнімдеріміз – күнбағыс және мақта майы. Қазіргі таңда өнімдеріміз сегіз бағыт бойынша экспортталады. Бұл тұста мен Экспорттық-кредиттік агенттіктің қолдауын ерекше атап өткім келеді. 2017 жылдан бері агенттіктен 40 млрд теңгеден астам қаржы алдық. Биылдың өзінде бұл көрсеткіш 4 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл қолдаусыз біз сыртқы нарыққа шыға алмас едік.
Кәсіпорынның экспорттық әлеуетін оның өндірістік мүмкіндіктерінен де аңғаруға болады. Өнімдердің сыртқы нарыққа шығуына экспорттық-кредиттік агенттік сеп болып отыр. Ал зауыт тауар көлемін одан әрі ұлғайтуды көздейді.
НҰРСҰЛТАН КАРАДЖАНОВ, «ШЫМКЕНТМАЙ» АҚ ӨНДІРІСТІК ДИРЕКТОРЫ
Біз пісте өнімдерін шығаруды тәулігіне 1000 тоннаға жеткізуді, май өнімдерін арттыруды, Сауд Арабиясы мен Еуропа елдеріне экспортқа шығуды мақсат етіп отырмыз.
«Stroi Construction» кәсіпорнының да өндірістік мүмкіндігі ауқымды. Мұнда инфрақұрылымдық нысандарға қажетті металл конструкциялар мен құрылыс бұйымдары шығарылады. Қазір зауытта 150-ден астам адам қызмет атқарады. Компания Экспорттық-кредиттік агенттікпен өткен жылдан бері бірлесе жұмыс істейді. Бұл кезеңде мекемеге көрсетілген қолдау 4,76 млрд теңгені құрады.
ЕРДОС ҚҰРАСБЕКОВ, «STROI CONSTRUCTION» КОМПАНИЯСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ
Осы уақытқа дейін экспорттық-кредиттік агенттігінен бізге 5 млрд-қа жуық несие қарастырылды.Осы қаржылай қолдаудың арқасында біз биылдан бастаап эскпортқа шықтық. Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Түркия елдеріне экспортқа шықтық.
Агенттік кәсіпкерлерге экспорттық тауарларды сақтандырумен қатар, қаржы ұйымдарынан несие алуға кепілдік береді. Сондай-ақ сыртқы нарыққа шығуды көздеген компанияларға қаржыландырудың бірқатар тетігін ұсынады. Бүгінде ұлттық институттың қоржынында 20-дан астам құрал бар. Олардың әрқайсысы кәсіпорындардың өндіріс көлемін ұлғайтып, экспорттық әлеуетін арттырады әрі жаңа нарыққа жол ашады.
МҰХТАР ЖӘМІШЖАНОВ, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЭКСПОРТТЫҚ-КРЕДИТТІК АГЕНТТІГІ» АҚ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазақстанның Экспорттық-кредиттік агенттігі» Мемлекет басшысының экспортты күшейту мәселелері бойынша тапсырмасын орындай отырып, экспорт көлемін жыл сайын арттырып келеді. Дәл қазір 8 ай қорытындысы бойынша 80-ге жуық компания 510 млрд теңге көлемінде қолдау тауып отыр. Осы жобалардың арқасында 1,7 трлн теңге ел экономикасына құйылып жатыр.Кәсіпорындар несие тарту үшін кепіл таппай жатады.Сондай жағдайда біз кепіл болып, қолдау көмегін ұсынамыз.
Компания кәсіпкерлер үшін цифрлық қызметтерді іске қосты. Олар «Экспорттаушының жеке кабинеті» арқылы өтінімдердің қаралу барысын онлайн бақылай алады. Биылғы жылдың алғашқы алты айында бұл жүйе арқылы 120-ға жуық өтінім өңделген.