Негізгі Жаңалықтар ШЕТЕЛДІК ӨНЕРПАЗДАР ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ӘН ШЫРҚАДЫ

ШЕТЕЛДІК ӨНЕРПАЗДАР ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ӘН ШЫРҚАДЫ

Еуропа мен Латын Америкасынан келген өнерпаздар қазақ тілінде ән шырқады. Түркістанға әлемнің 20 елінен күміс көмей әншілер жиналып, өнер додасына түсті. Олар отандық композиторлардың шығармаларын орындап, қазақ әндерін халықаралық сахнада насихаттады.


 Мексикалық әнші «Көзімнің қарасын» шырқап, италиялық өнерпаз қазақ тілінде сөйледі.


Айнымас дәстүрге айналған «Voice of Turan» халықаралық фестивалі биыл жетінші рет ұйымдастырылды. Байқауға Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Бразилия сынды 20 елден өнерпаздар қатысты. Шетелдік әншілер қазақ әндерін орындап, ұлттық өнерімізді халықаралық деңгейде танытты.

 ДИАНА ТАРИН, «VOICE OF TURAN» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ
Қазақстанға алғаш рет келдім. Қазақ халқы өте мейірімді, қонақжай екен. Байқауда халық әні «Ақбақайды» орындаймын. Өте әдемі ән. Бірақ сөзін жаттаудан қиналдым. Соған қарамастан, дайындық жақсы өтті. Жан-жақтан келген әншілермен танысып, Түркістанда түрлі мәдениеттер тоғысып жатқанын көрдім.

 Байқау барысында жергілікті әншілер шетелдік әріптестерімен дуэт орындап, дайындық кезінде қолдау көрсетті. Қонақтарға қазақ ән өнерінің тарихын айтып, ұлттық шығармалардың ерекшелігін таныстырды.

СЫРЫМ ИСАБАЕВ, ӘНШІ
 – «Сезімді қайтем» әнін қызыммен бірге орындағалы жатырмын. Бір айдай дайындалдым.

 Халықаралық байқауға Қазақстанның өнер қайраткерлері қазылық етті. Олар үміткерлердің дарыны мен талпынысына, вокалдық шеберлігіне және сахналық мәдениетіне назар аударды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені кубалық әнші Диана Тарин жеңіп алды. Бірінші орын болгариялық өнерпазға бұйырды. Екінші орынды Сан-Марино мен Беларусьтен келген өнерпаздар иеленді. Ал үшінші орын мексикалық және тывалық әншілерге берілді.

Бөлісу