Негізгі Жаңалықтар ЖАҢА МАУСЫМНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ТҮРІЛДІ

ЖАҢА МАУСЫМНЫҢ ШЫМЫЛДЫҒЫ ТҮРІЛДІ

Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры 98-ші маусымның шымылдығын түрді. Салтанатты кеште аты аңызға айналған әндердің авторы Ержан Серікбаевтың өміріне негізделген «О,қала» драмасы қойылды.Көрермендер композитордың әндерін шырқап, шығармашылығымен етене танысты.


Өнерде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған композитор Ержан Серікбаев саналы ғұмырында жетпістен астам ән жазды. «О, қала» драмасы сазгердің қазақ өнеріне қосқан үлесін паш ететін туынды. Қойылым танымал композитордың әуезді әндері арқылы аға буын мен жас ұрпақ арасындағы рухани сабақтастықты бекемдеп, көрерменге ерекше тебіреніс сыйлады. Өнер иесінің Арыстан бастау алған махаббат хикаясы, достық пен адалдыққа толы сырлы әлемі жаңаша сипатта өріліп, қазақ эстрадасының алтын қорындағы жәдігерлерді қайта жаңғыртты.


ДАРХАН БАЛАЖАНОВ, ЖҰМАТ ШАНИН АТЫНДАҒЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Ержан Серікбаевтың шығармашылығы мен өміріне тоқталуды, сол кісі туралы спектакль қоюды бір жылдан бері жоспарладық. Туыстарымен, достарымен кездестік.Маусымның ашылуын жаңа премьерамен ашып, көрерменді қуантқымыз келді.


Драматург Қазыбек Аманжолдың қаламынан туған пьеса желісінде режиссер Али Бидахмет сахналаған бұл қойылым көрерменді сырлы әуенмен баурады. Спектакльде сазгердің елге белгілі әндері шырқалды.


 ӘЛИ БИДАХМЕТ, ҚОЮШЫ РЕЖИССЕР
 Қазіргі таңда Ержан ағаның әнін көп тыңдайтын жастар өзінің кім екенін білмейді.Сондықтан өзін танып, біліп, осы әннің авторы Ержан Серікбаев екенін түсіну.Спектакльде Ержан ағаның ең танымал деген он сегіз әнін алдық.Қазір ән қосылған кезде бәрі қосылып шырқайды деп ойлаймын.


Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театры жаңа маусымда өнерсүйер қауымды тың жобалармен қуантады. Ұжым ұлттық мәдениет пен руханияттың қайта өрлеуіне өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ғибратты өмір жолынан сыр шертетін жаңа қойылымды сахналауды жоспарлап отыр.


Бөлісу