ТЫҢАЙТҚЫШ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысында агрохимия саласына серпін беретін жаңа кәсіпорынның құрылысы басталды. Енді Сауран ауданындағы арнайы экономикалық аймақта синтетикалық аммиак пен карбамид шығаратын зауыт бой көтермек. «Тұран химиялық компаниясы» қолға алған бұл бастаманың құны – 200 миллион АҚШ долларды құрайды. Жобаның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен инвестор Чжан Цихай қатысты.
Облыста қолға алынған жаңа бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық әріптестік аясында жүзеге асып жатыр. Кәсіпорын жылына 250 мың тонна синтетикалық аммиак пен 300 мың тоннаға жуық карбамид өндіреді. Әрі мұнда 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Өңір басшысының айтуынша, жаңа өндіріс ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштарды ел ішінде шығарады. Бұл ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге әрі сырттан жеткізілетін өнім көлемін қысқартуға жол ашпақ. Жобаның тағы бір ерекшелігі – аграрлық өңірдегі өндірістік тізбекті кеңейтуі. Яғни шаруаларға қажетті өнім енді облыстың өзінде шығарылмақ. Мұндай бастамалар жергілікті өнеркәсіптің әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін күшейтуді, отандық өндірісті дамытуды және импортқа тәуелділікті төмендетуді айқындап келеді. Бүгінгі жоба – осы міндеттердің нақты іске асуының бір көрінісі. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы дамыған, аграрлық әлеуеті жоғары өңір. Сондықтан біз үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту тек ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен шектелмейді. Ең басты міндеттердің бірі – өндіріс пен қайта өңдеудің толық тізбегін қалыптастыру.