ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОЛӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСІ
Қолөнер, кəсіпкерлік және туризм бір алаңда тоғысты. Түркістан қаласындағы «Turkistan Brand Craft Fair – 2026» халықаралық қолөнершілер және экологиялық өнімдер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қолөнершілер орталығында шеберлер қолдан шыққан бұйымдарын көпшілікке ұсынды.
Жәрмеңкеге еліміздің барлық өңірінен және шетелден 200-ге жуық шебер келген. Олар өздерінің бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Сөрелерден шеберлердің қолынан шыққан керамика, ағаш, былғары, металл, киіз және тоқыма бұйымдарын табуға болады. Сондай-ақ, ұлттық дәстүр мен заманауи өнерді тоғыстырған дизайнерлік киімдер, зергерлік әшекейлер, авторлық кәдесыйлар және табиғи, экологиялық таза өнімдер бар.
ЕРТАЙ АЛТАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл біздің Қазақстан елінің және шетел қолөнершілеріне жасалған жағдай. Осы жерде қолөнершілер өздерінің шеберханаларын ашып, өздерінің жасаған бұйымдарын халыққа, туристерге паш ете алады. Ал, сіздер білесіздер туризм ол Түркістанның экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан, бұл орта, бұл жәрмеңке біздегі қолөнершілердің өзінің бұйымдарын көрсетіп, тиісті табысқа қол жеткізе алуына үлкен мүмкіндік.
Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – қолөнерді тек сақтап қана қоймай, оны бәсекеге қабілетті өнім мен брендке айналдыруға мүмкіндік беру. Мұнда қатысушылар өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, тікелей сатуға, жаңа тұтынушылар мен іскерлік серіктестер табуға мүмкіндік алады.
АСЛАН ИБАДУЛЛАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жібек жолын дамытып жатырмыз осы Түркістан төрінде. Бұл деген қолөнерді дамытып, туризм саласын көркейту және салт-дәстүр, мәдениетімізді дәріптеу. Қазір сауда жүріп жатыр, халық келіп көріп жатыр. Қолөнершілер дәстүрлі өнімдерді көрсетіп жатыр
Биылғы жәрмеңкеге «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, республикалық «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері де арнайы шақырылған. Бұл бастама ауылдық жерлердегі өндірушілерге өз өнімдерін кең аудиторияға, туристерге және бизнес өкілдеріне таныстырып, нарық аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.