КІТАПХАНАЛАРҒА БІРЫҢҒАЙ ОҚЫРМАН БИЛЕТІ
Қазақстанда кітапханаларға бірыңғай оқырман билеті енгізіледі. 2027 жылы «Ұлттық цифрлық кітапхана» платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Оның көмегімен кітапханалардың бірыңғай цифрлық ортасы қалыптастырылмақ.
Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заң жобасының жұмыс нұсқасы әзірленді. Онда кітапханаларды жабдықтау, кітап қорын толықтыру және кітап шығаруды қолдау тетіктерін қарастыру көзделген. Жоспарға сәйкес заң жобасы жылдың соңында Құрылтайда талқыланады. Жасанды интеллектіні дамыту жағдайында кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін ілгерілетудің 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы да әзірленіп жатыр. Кешенді құжатта балалар мен жастардың оқырмандық құзыретін арттыру, кітапханалық инфрақұрылымды трансформациялау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект өнімдерін пайдалану мәселелері қамтылады.