Негізгі Жаңалықтар «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҰРАҚТЫ ТАЗАЛЫҚҚА БЕТБҰРЫС

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: ТҰРАҚТЫ ТАЗАЛЫҚҚА БЕТБҰРЫС

«Таза Қазақстан» акциясы аясында қаланың барлық ауданында ауқымды санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Абай ауданының әкімдігі экологиялық акцияны аудандағы 27 елді мекенде ұйымдастыруда. Игі бастамаға жүзге жуық адам қатысып, арық-атыздарды қоқыстан тазалады. Ал коммуналдық мекеме қызметкерлері арамшөптерді жұлып, ағаш бұталарын ретке келтірді.


 Коммуналдық мекеме қызметкерлері үшін тазалық жұмыстары күнделікті іске айналған. Бұл жолы игі бастама Ақжайық шағынауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында жалғасты. Олар жол бойындағы арамшөптерді жұлып, қалың өскен ағаш бұталарын ретке келтірді.


ОРЫНША КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
 Таза Қазақстан акциясы басталғалы бері атсалысып жүрмін. Қазір халықтың 70 пайызына дейін осы бастамаға белсенді қатысып жатыр. Жастар да, қала әкімдігі де, елді мекендер де жақсы атсалысуда. Қазір «Таза Қазақстанға» көбірек көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қаламыз көркейіп, кемелденіп келеді. Осы жұмыстарға қариялар мен аналар атынан алғысымыз шексіз.


Абай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жыл басынан бері 50-ге жуық сенбілік ұйымдастырылып, оған мыңға жуық тұрғын қатысты. Аумақты қоқыстан тазарту үшін 180-нен астам техника тартылды. Бұл жолы экологиялық акция тек аулаларды абаттандырумен шектелмеді. Коммуналдық мекеме қызметкерлері көше бойындағы арық-атыздарды аршып, жауын-шашын суы ағатын арналарды ретке келтірді. Ал ағаштарды ретке келтіру жұмыстары енді басталады.


 БАУЫРЖАН ҚАЛМҰРАТОВ, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАС ИНСПЕКТОРЫ
Талдарды ретке келтіру науқаны енді басталады. Өйткені тал ұйықтаған кезде кесілуі керек. Қазір бойында су бар. Адамға зияны тимес үшін шет-шетін кесеміз. Ал санитарлық жұмыстар, яғни қураған талдарды кесу жұмыстары күз бен көктем мезгілінде атқарылады. Мұндай жұмыстарды қазан айының ортасында бастаймыз.


Абай ауданында бір күндік сенбіліктің өзінде 40-50 тоннаға жуық қоқыс жиналып, қала сыртындағы полигонға жөнелтіледі. Тұрғындар жиі жиналатын орындар мен өзен-көл жағалары да назардан тыс қалмай, үнемі тазартылып тұрады.

Бөлісу