ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ИММУНИТЕТ МЕКТЕПТЕН ҚАЛЫПТАСАДЫ
Жас ұрпақ – әділ қоғамның тірегі. Шымкентте оқушылар арасында парасаттылық пен адалдық қағидаттарын қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынған. Бұл жолы қаладағы мектеп парламенттері арасында «Адал ұрпақ – жарқын болашақ» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы үздік жобалар байқауы ұйымдастырылды. Іс-шара жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департаменті ұйымдастырған жобаға мегаполистегі 32 мектеп қатысуға ниет білдірген. Іріктеу нәтижесінде 4 білім ошағының оқушылары ұсынған жобалар үздік деп танылып, финалда өзара бақ сынасты. М.Мақатаев атындағы мектептің оқушысы Чароз Мухсимова жемқорлықтың алдын алуды мектеп қабырғасынан бастау керектігін айтып, жастардың өз ойын ашық жеткізуіне мүмкіндік беретін арнайы сайт құрды.
ЧАРОЗ МУХСИМОВА, БАЙҚАУҒА ҚАТЫСУШЫ
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оқушылар оның не екенін түсінуі және өз пікірін жеткізуі маңызды. Осы сайт арқылы анонимді түрде өз пікірін жеткізе алады. Өйткені көп оқушы буллингке немесе басқа да жағдайларға тап болған кезде, ойын ашық айтуға ұялады. Сол үшін біз жасанды интеллект негізіндегі чат жасадық. Ол арқылы оқушы өз ойын анонимді түрде айта алады.
Жоба тек байқаумен шектелмей, оқушылар арасында арнайы дебат турнирі де ұйымдастырылды. Тартысты сайыста жастар пікір алмасып, жемқорлықтың алдын алу жолдары мен қоғамдық бақылаудың маңызын жан-жақты талқылады.
НАЗГҮЛ ІЗБАСАРОВА, №2 ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ
Бұл іс-шараға балалар өте белсенді қатысуда. Әлеуметтік мәселелерді көтеріп, мектеп қабырғасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай жұмыстар атқаруға болатынын және өз қолдарымен қандай бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктері бар екенін көрсетуде. Мектеп оқушылары арасында өткізілген дебат турнирінде де балалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастырып, болашақ Қазақстанды жемқорлықсыз ел ретінде қалай елестететінін дәлелдеуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып қана қоймай, оларды адалдық пен жауапкершілікке тәрбиелейді.