«TURKISTAN ART» ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ
Түркістанда өнерлі жастардың басын қосқан «TURKISTAN ART» шығармашылық концерті өтті. Жастар ресурстық орталығының амфитеатрында ұйымдастырылған жиынды Түркістан қалалық мәдениет үйі өткізді.
Концерттің шымылдығы «Угай» тобының орындауындағы «Жайна» әнімен түрілді. Әуезді әнге «Бойтұмар» би ансамблі ұлттық нақыштағы биін ұсынып, кештің көркін аша түсті. Сахна төрінде өнерпаздар өнер көрсетіп, әуелете ән шырқап, төгіле би биледі. Түрлі шығармашылық бағыттарды тоғыстырған кешке қала тұрғындары мен өнерсүйер қауым да қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «TURKISTAN ART» – шығармашылыққа қызығушылық танытқан жастардың басын біріктіріп, жаңа есімдерді танытуға мүмкіндік беретін алаң. Жоба жас таланттардың қабілетін шыңдауға бағытталған. Ал кеш соңында өз өнерін ортаға салған жастарға алғыс хаттар табысталды.