Түркістандықтар кітапханашылар күнін атап өтті. Кеште кәсіп иелеріне құрмет көрсетіліп, олардың ұлт руханиятына қосар үлесі ерекше айтылды. Мерекелік жиынға ардагер кітапханашылар арнайы шақырылды. Мағыналы мамандықтың қиындығы мен қызығы туралы ой қозғалды.

 Әбіш Кекілбаев айтқандай, «Кітапхана – мәңгілік парасаттың киелі мекені». Онда жұмыс істейтін мамандық иелері сол парасаттылықты қалыптастыратын кәсіби тұлғалар. Осынау мамандық иелері қашанда құрметке лайық.

 Кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру мақсатында қолға алынған жиынға ардагерлер арнайы шақырылды. Олар цифрландыру дәуіріне дейінгі кітапханашылардың қызметі туралы жан-жақты мағлұмат берді.

 Көркем ой құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, руханият игілігі жолында ұлағатты іс тындырып келе жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан теңіз. Мерекелік кеште бас қосқандар әсем әннің тербеуімен осындай пікірде тарқасты.