Астана күні қарсаңында Созақ ауданында тұрғындардың қуанышын еселеген ерекше сәт болды. Аудан орталығындағы «Жеткіншек» мөлтек ауданында 25 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Баспаналы болғандардың қатарында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасылар бар. Бірі көптен күткен баспана кезегіне қол жеткізсе, енді бірі балаларының болашағына берік негіз болатын жаңа шаңыраққа ие болды.


Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және қоныс иелері қатысты. Салтанатты шарада аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, баспаналы болу – әрбір отбасы үшін үлкен бақыт әрі жаңа өмірдің бастауы екенін атап өтті. Өз кезегінде жаңа пәтер иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғыстарын білдірді.


РОЗА НҰРАЛИЕВА, СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Рақмет аудан әкіміне! Бүгін – біз үшін ерекше қуанышты күн. Осы шаңырақта балаларымыз өсіп-өнсін. Дастарқанымыздан береке кетпей, жақсылығымыз көп болсын.


Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп келеді. Баспана – әр шаңырақтың берекесі, отбасының бақыты мен тұрақтылығының негізі. Бүгінгі қуаныш – әлеуметтік қолдау мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев те қоныс иелеріне ақжарма тілегін білдірді.


ЕРБОЛ АМАНОВ, СОЗАҚ АУДАНДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Аудандық және облыстық бюджет есебінен салынған 76 пәтердің құрылысы 2025 жылы аяқталды. Олар «Отбасы банк» ұсынған кезек тізіміне сәйкес тұрғындарға берілді. Бұған дейін Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында 29 отбасы қоныс тойын тойласа, бүгін тағы 25 отбасы баспаналы болып отыр.


«Жеткіншек» мөлтек ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жалғасып жатыр. Сонымен қатар аудан орталығында 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы АҚ-ның еншілес ұйымдарының демеушілігімен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлердің құрылысы да жүзеге асырылып жатыр.