Төлеби ауданында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың ауқымы кең. Өндіріс, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларындағы маңызды бастамалар аудан экономикасының дамуына тың серпін беріп отыр. Ауданға арнайы барған журналистер бірқатар өндіріс орындарын аралап, олардың жұмысымен, өндірістік әлеуетімен және даму жоспарларымен танысты.

Баспасөз туры аясында Ленгір қаласындағы «DANA» тігін цехының жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын жаздық және қыстық арнайы жұмыс киімдерін тігумен айналысады. Мұнда жылына 150 мың дана жаздық және 90 мың дана қыстық арнайы жұмыс киімі өндіріледі.

ГҮЛЖАН ҚАЛЫМБЕТОВА, КӘСІПКЕР

Күніне 250 комплект тігеміз. Оның құрамына күртеше, шалбар және капюшоны бар киімдер кіреді.

Сонымен қатар ақпараттық топ Зертас елді мекеніндегі «Азия Милк» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Сүт бағытындағы ферма жобасының жалпы құны – 1 миллиард теңге. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2025 жылдың IV тоқсанында фермаға 564 бас, ал 2026 жылдың II тоқсанында тағы 636 бас ірі қара мал жеткізіледі. Ферманың жылдық өндірістік қуаттылығы 1300–1350 тонна сүт өндіруге есептелген.

ОКТАМ НАЗАРБЕКОВ, КӘСІПКЕР

Жобаны енді бастап жатырмыз. Даниядан 165 бас ірі қара әкелдік. Жыл соңына дейін олардың санын мың басқа жеткізуді жоспарлап отырмыз.


Баспасөз туры барысында журналистер өндіріс орындарының жұмысымен тікелей танысып, жобалардың жүзеге асырылу барысына қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Мұндай іс-шаралар өңірдің инвестициялық әлеуетін танытуға, мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылып жатқан жобаларды насихаттауға және қоғамды ашық әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.