Шымкентте жеті білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары қарқын алды. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 6 миллиард 357 миллион теңге бөлінді. Қаражатқа мектептердің инженерлік жүйелері жаңартылып, ғимараттарға толық жөндеу жүргізіледі. Ал 2025–2027 жылдар аралығында мегаполистегі 24 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

Қазір жөндеу жұмыстары жеті мектепте қатар жүргізіліп жатыр. Құрылысшылар жылу жүйесін жаңартып, қасбеті мен ішкі әрлеу жұмыстарын қолға алған. Сондай-ақ едені мен шатыры толық ауыстырылып, оқу ғимараттары «Келешек мектептері» үлгісінде қайта жаңғыртылады. Мамандар барлық жұмысты жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтап, кабинеттерді қажетті оқу құралдарымен жабдықтауды жоспарлап отыр.

АИНА САРЫМСАҚОВА, №41 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Осының өзі оқушыларды қанаттандырады. Жылы, жарық, жаңа есік-терезесі, едені мен қабырғасы жаңарған оқу кабинеттерінде білім алатын балалардың білім сапасы да артады деп ойлаймын.

ЕРЛАН ПІРІМҚҰЛОВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
2025–2027 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 24 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі. Өткен жылы 10 мектеп жаңартылды. Биыл алты мектепте жұмыс жалғасып жатыр. Келесі жылы тағы сегіз мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі.