Елімізде сауда саласын жаңарту жұмыстары қыза түсті. Енді ірі базарлар мен сауда орындары толық модернизациядан өтіп, ескі жүйе біртіндеп өзгереді. Ең бастысы – тауар бағасын қолдан өсіретін делдалдардың саны қысқарып, нарықтағы ашықтық артады. Бұл өзгерістердің қалай жүзеге асып жатқанын көру үшін бүгін Шымкент қаласына жұмыс сапарымен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев келді. Министр қала аумағындағы бірқатар сауда нысандары мен базарларды аралап, саладағы өзекті мәселелермен танысты.
Іссапар қала аумағындағы ірі жылыжай кешенінен басталды. Мұнда қызанақ өсірудің заманауи технологиялары көрсетіліп, ішкі нарықты отандық өніммен қамту мәселесі талқыланды. Себебі елдегі баға тұрақтылығы ең алдымен өндіріс көлеміне тікелей байланысты. Мамандар жергілікті өнім көлемін арттыру арқылы импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік бар екенін айтады. Одан кейін министрдің бағыты шаһардағы ең ірі сауда орындарына ойысты. Алғашқы нысан – Алаш базары. Мұнда күн сайын мыңдаған адам сауда жасайды. Бірақ мәселе тек нарықта емес. Өнім өндірушіден шыққан соң тұтынушыға жеткенше бірнеше қолдан өтеді. Ал арадағы делдал бағаны тағы шарықтатады. Бұл мәселені шешу үшін Министрлік тарапынан сауда тізбегін қысқарту жұмыстары күшейтілмек.
АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ
Негізгі екі мақсат бар. Бірінші-заң мен тәртіпті нығайтып, делдалсыз сауда жасау. Екінші мәселе-бағаның индексі, бағаны тұрақтандыруды басты назарға алдық. Заңнамада бірнеше талаптар бар. Ол қауіпсіздік, тазалық бағыттары.Бұл мәселелерді қазір базар басшыларымен талқылап жатырмыз. Бастысы, сатушыға да халыққа да ыңғайлы сауда жасап, бағаны тұрақтандыру.
Ал Айна базар – тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқан орын. Күнделікті тұтынатын азық-түліктен бастап, түрлі тұрмыстық тауарлар саудаланатын бұл нысанда бүгін сауда инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі көтерілді. Бұдан кейін министр қаладағы жаңа орталықтардың жұмысымен танысу үшін «Dala mall» кешеніне барды. Мұндағы азық-түлік дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар өнімдерге жеңілдік қарастырылған. Басшылықтың айтуынша, орталық халық күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын негізсіз көтермейді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ:
Шаһардағы сауда орталықтарының әлеуетімен танысқан министр ішкі нарықты отандық өніммен қамтып отырған «АймарҚұс» кәсіпорнына да барды. Өндіріс сапасын көріп, жұмыс барысын бақылады. Ол жауапты сала мамандарына сауда орындарындағы қауіпсіздік талабын күшейтуді тапсырды.
ҮСЕН ИСАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Базарлардың инфрақұрылымы бір жолға қойылған. Бірақ, министр бүгін қауіпсіздікті арттыру бойынша тапсырма берді. Әрбір базар өз қаржысы есебінен модернизациядан өтеді.Бұл үшін мемлекеттен қаржы қарастырылмайды.
Қазіргі таңда Шымшаһарда 17 базар жұмыс істейді. Ал жыл соңына дейін сегіз сауда орталығын модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Ал қаланың нарық көлемі алғашқы алты айдың өзінде 1,4 трлн теңгеге жетіп, 122 пайызға артты.